Бескөл ауылының халқы өтемақыға қол жеткізе алмай отыр

Бескөл ауылының аумағында алты жер учаскесі бөгет салатын орында тұр. Құрылыс жоспарланған кезде жер телімінің иелеріне өтемақы төленеді деп ескертілген, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ тұрғындар күзден бері ешқандай қаражат алмаған.

Жұрт көктемде тасқын су үйлерді шайып кетсе, далада қаламыз ба деп алаңдайды.

Данияр Төлегенов өзіне тиесілі жер учаскесінде бөгет салынатынын былтыр күзде білді. Бірақ жердің пайдаланылатыны туралы хабарламаны кеш алған. Ол уәде етілген өзіне тиесілі өтемақыға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеді.

Данияр Төлегенов, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Біздің үйіміз 190 шаршы метр. Әкімдік оны 39 млн теңгеге бағалады. Оған келісіп отырмыз. Бірақ ақша әлі аударылған жоқ. Енді сәуір айында болады дейді. Оған дейін су тасқыны болса, отбасыммен қайда барамын? Далада қаламыз ба деп қорқып отырмыз.

Қызылжар ауданының әкімдігі жағдайдан хабардар. Айтуларынша, алты жер телімінің иесі келісім берген. Бірақ өтемақы алу үшін уақыт керек деп отыр. Тиісті қаражат наурыз айының соңына дейін төленеді

Асхат Бәкеев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

- Бағалауды келіспеген соң, болмаған соң қайтадан өткізді. Сондықтан қаржы жылы біткен соң, қаржы болмаған соң ол кісіге берілген жоқ. Сондықтан қазір біз қайта бюджеттік өтінім жасап жатырмыз. Наурыздың аяғына дейін ол кісіге төленетін болады.

Ауыл маңына салынатын бөгеттің ұзындығы шамамен 7 шақырым болады. Оның құрылысына кемінде 2 млрд теңге жұмсалады. Бескөл ауылын су тасқынынан толық қорғау мақсатында арнайы қорғаныс бөгеті тұрғызылып жатыр. Жоспарға сәйкес бөгеттің сыртқы бөлігі темірбетонды плиталармен қапталады. Қазір құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Наталья Волкова, Куаныш Казбеков