Шетелдік туристерге қауіпсіздік үшін QR-коды бар карта беріледі
Шетелдік туристердің ел ішінде еркін жүріп-тұруы мен бас амандығын туристік полиция қадағалайды, деп хабарлайды 24kz.
2019 жылы іске қосылған жүйе қызметкерлері былтыр 2,6 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті.
Биылдан бастап Ішкі істер министрлігі шетелдік қонақтарға арналған тағы бір қауіпсіздік жүйесін енгізіп жатыр.
Енді Қазақстанға келетін әрбір шетелдік туристке шекаралық бақылау пункттерінде немесе әуежайда кюар коды бар осындай арнайы карта беріледі. Бұл QR-код туристерге қажетті ақпаратты ұсынатын Safetravel.kz атты көптілді электронды порталға бағыттайды.
Мұнда полиция, жедел жәрдем, құтқару қызметтерімен жедел байланыс нөмірлері, көші-қон заңнамасын сақтау жөніндегі жадынама, қала картасы, ресми такси мен ондлайн-қызметтер тізімі, байланыс операторлары мен олардың ресми сайттарына сілтеме көрсетілген.
Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ баспасөз хатшысы:
- Туристік карта елге кірген бойда шетелдік қонаққа ұсынылады. Бұл жоба – ІІМ жобасы. Бірақ енді бұл жерде басқа да мемлекеттік органдардың көмегі, қолдауы қажет. Себебі шетелдік қонақтардың келуіне жаңағы шекара қызметі бар, біздің өзіміздің көші-қон қызметі бар, сонымен қатар біздегі әрбір әуежайларда орналасқан көліктегі полиция бөлімдері бар, жалпы ортақ қауіпсіздікке бағытталған, бірлескен жұмыс десек болады.
Елдегі шетелдік қонақтар ағыны жыл санап артып келеді. Қазақ туризмнің есебі бойынша туристер саны былтыр 15 млн-нан асқан. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,2 млн-ға жуықтайтын. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі барынша жетіле беруі заңдылық. «Ал ондағы олқылықтар қоғамдық, әлеуметтік басқару жүйесіне салмақ салуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Адай Секенұлы, туризм маманы:
- Таиланд – қазір Азиядағы ең үлкен туризм елдерінің бірі. Бүтін дүниедегі алдыңғы 5-тікке кірген туристік ел. Оның туризмнің ел экономикасындағы алатын орны өте үлкен. Былтырғы жылы Таиландтың туризм министрлігінің жоспары бойынша 70 млрд доллар пайда табу көзделген. Бірақ осы қауіпсіздік мәселесіне байланысты былтырғы жыл соңында әрең дегенде 43 млрд қана пайда тапты осы туризм саласынан.
Иә, туристердің қауіпсіздігі үшін жасалған жаңа жүйе елдің халықаралық имиджін жақсартуға да бағытталған. Яғни, елді шетелдік инвестициялар үшін қауіпсіз әрі сенімді бағыт ретінде танытпақ. QR коды бар картаның алғашқыда 5 мың данасы жасалып, Астана, Алматы халықаралық әуежайларында таратылып жатыр.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Руслан Әлиев