Маңғыстау облысындағы тері-венерологиялық диспансер жөндеуді қажет етеді
Маңғыстау облысындағы жалғыз тері-венерологиялық диспансер күрделі жөндеуді қажет етеді. 1963 жылы салынған ғимараттың жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.
Соңғы рет мұнда жөндеу жұмыстары 15 жыл бұрын жүрді. Облыстағы тері ауруларын емдейтін жалғыз мекемеге Ақтау тұрғындары ғана емес, шалғай ауылдардан да пациенттер келеді.
Тері ауруларын емдейтін облыстағы жалғыз мекеменің жағдайы билік басындағыларға жақсы таныс. Осыдан 62 жыл пайдалануға берілген ғимараттың тозығы жеткені соншалық, қабырғалары жарылып, сылағы түсіп жатыр. Дегенмен, жұмысын тоқтатпаған. 50 адамға арналған емдеу орнына келетіндер легі толастар емес.
Татьяна Лаврова, облыстық тері-венерологиялық диспансері директорының м.а.:
- Мұндай жағдайда жұмыс істеу оңай емес. Бірақ біз науқастарды қабылдауды жалғастырудамыз. 2017 жылдан бері сан рет хат жазып, жаңа ғимарат сұрап келеміз. Себебі ғимарат 1963 жылы салынған және тұрғын үйлердің ортасында орналасқан. Бұл да ыңғайсыз.
Диспансерде 4 дәрігер мен 22 медбике қызмет етеді. Соңғы жылдары ғимаратқа арзан жөндеу жұмыстары жасалған.
Жәния Ізімова, зертханашы:
- Мынау зертхана бөлмесінің төбесі үгітіліп жатыр. Өз күшімізбен күнделікті жинастырамыз. Жаңбыр жауса, аппараттарды жабамыз, себебі төбеден су ағады.
Бұл жағдайдан облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті билік те хабардар. Биыл өңірде бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлініп, 11 медициналық мекеме күрделі жөнделеді. Оның ішінде осы диспансер де бар. Мұнда еденнен бастап төбеге дейін толық жаңартылады. Инженерлік инфрақұрылым, электр желілері мен құбырлар да ауыстырылады.
Бибізада Дүйсенбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл тері-венерологиялық диспансердің ескілігін барлығы біледі. Сондықтан биыл толық реконструкциясы бар, жаңағы күрделі жөндеу жұмыстары бар, яғни, осы жылдың аяғына дейін аяқталып бітуі керек Қазір алдымыздағы наурыз айында толық тендерлік құжттары барылғы өтеді.
Сонымен қатар биыл Маңғыстау облысында бірнеше ауылдық дәрігерлік амбулатория және Жаңаөзен қаласындағы №3 емхана, облыстық медициналық колледжде де жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Тамара Степанова, Ренат Досалиев