Ауыл шаруашылығы саласына «ақылды» технология енгізіледі

Елде өсімдік шаруашылығын қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарлады. 

Бүгінде төрт түлікке қатысты бастапқы ақпарат, мал ауруының диагностикасы,  вакциналау секілді қажетті мәліметті біріздендіру қолға алынған. Қазір 7 бірдей цифрлық қосымша іске қосылған. Ақпараттық жүйе ветеринарлық қызметтерге малдағы инфекцияны жедел анықтап, ауру ошақтарын оқшаулауға, осылайша өнімділікті сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Автоматтандыру енгізілгенге дейін асылтұқымды мал шаруашылығы, зертханалық зерттеулер, аса қауіпті аурулар ошақтары және басқа да процестер туралы ақпарат қағаз форматта берілген болатын. Аталған процестерді автоматтандыру ауыл шаруашылығы жануарларымен жұмыс жасаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және ақпарат алмасуға едәуір қысқартады.

Цифрлық құралдарды қолдану арқылы қажетті қаражат мөлшері, есеп беру, егіс алқабы, мал басы туралы деректердің нақтылығын қамтамасыз еткен жөн. Президенттің тапсырмасын еске салған Үкімет басшысы Олжас Бектенов агроөнеркәсіп кешені саласына «ақылды» технология элементтерін енгізуді тапсырды.