Оңтүстіктің шаруалары қырыққабат егуді бастады
Түркістан облысының шаруалары егіс науқанын бастап кетті, деп хабарлайды 24KZ. Жетісайда қырыққабат, Келесте картоп егіп жатыр. Климаты қолайлы өңірдің диқандары қысы-жазы тыным көрмейді. Қазір еккен қырыққабатты 60 күннен кейін жинап, сатуға шығарады.
Егіс алқабына көшет егуді ерте бастағандардың бірі – Руслан Құдайқұлов. Иелігіндегі 30 гектар алқаптың жартысына орамжапырақ егіп жатыр. Дихан 10 жылдан бері тамшылатып суару әдісін қолданады. «Оның тиімділігін көргелі қаржымыз үнемделді», – дейді ол.
Руслан Құдайқұлов, жеке кәсіпкер:
- 10-15 жылдан бері капустамен айналысамын. Былтыр да ектік, бір 10 гектар ектік. Міне, биыл сол жобада егіп жатырмыз. Тамшылату әдісімен егіп жүрміз, 2014 жылдан бері тамшылату менікі. Селитра, бәрінен эконом. Алдында арықпен еккенде тонналап селитра беретін едік, гектарына 1-1,5 тонна беретін едік. Ал мынаған 300-250 келімен піседі капуста.
Шаруалар қырыққабаттың ерте пісетін «Зарисма» және «Валикор» сортының жарты миллион көшетін егіп жатыр. 60 әрі кетсе 80 күнде алғашқы өнімді жинайды. Өңірде қысы-жазы алқапта жұмыс та тоқтамайды. Қыста қырыққабат егуден басталған жұмыс, қара күзде мақта терімге дейін жалғасады. Диқандар: «Еңбек етем дегенге табыс та табылады», – дейді.
Шырынкүл Машрапова, жұмысшы:
- Бұл жерде бәрі ағайындар, бір үйден екі-үш адам. Мен өзім бес адам болып шығамыз, оқудағы қызым келсе, алты адам болып шығамыз. Осының арқасында күн көріп жүрміз. Қауын басталған кезде екі мезгіл шығамыз, түске дейін бір, түстен кейін тағы бір 10 мыңнан табамыз.
Биыл Жетісай ауданында 80 мың гектар жерге түрлі өнім егіледі. Оның мың жарым гектарына ерте пісетін қырыққабат дақылын егу жоспарланған. Жергілікті жауаптылар шаруаларға қолдау көрсету үшін өнімді сатып алушылармен алдын ала байланыс орнатып отыр.
Қанат Тілеуов, Ш. Ділдәбеков атындағы ауылдық округ әкімі:
- Шаруа қожалықтарымен осы бастан келісім жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Көрші Ресей елінен және Қазақстанның өзге де облыстарынан сатып алушы іздеп жатыр.
Былтыр жетісайлық шаруалар үшін жайлы жыл болды. Өнім көлемі еселеніп, 550 мың тонна бақша өнімі мен 90 мың тонна көкөніс жинады. Биыл бұл межені арттыру үшін диқандар еңбекке ерте кірісті.
Авторлары: Күн Айтбекұлы, Қуаныш Әуелбеков.