Атырауда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Атырауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесіне облыстағы 50 шақты мекеме қатысты, деп хабарлайды 24KZ. Олар арнайы техника жүргізушілер, машинист, механик, электромонтер, дәнекерлеуші, тас қалаушы секілді ұзын саны 550-дей жұмыс орнын ұсынды.

Жалпы өңірде 17 мыңдай адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оларды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жыл соңына дейін облыс орталығы мен аудандарда 40-тан аса еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 

Полымбет Хасанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Сонымен қоса облыстық «Еңбек» мобильдік орталығының субсидияланатын жұмыс орындары бар. Яғни біздер мекемеге жастар практикасымен жұмысқа жіберуге мүмкіндігіміз бар. Оқу орнын аяқтап келген азаматты өз мамандығы бойынша мекемеге жұмысқа жолдаймыз және 12 ай бойы біздің тарапымыздан ол азаматқа қаржы төленеді. Екінші «күміс жас» деген бар. Жасы 50-ден асқан азматтарды мекеменің келісімімен жұмысқа жолдаймыз.