Жыл сайын таситын Жабай өзені тереңдетіліп жатыр
Ақмола облысындағы жыл сайын тасып, айналасындағы ауылдарды әбігерге салатын Жабай өзені биыл көктемде арнасынан аспауы тиіс. Өзен түбін тереңдетуге кіріскен жергілікті биліктің болжамы осындай. Өзен арнасын кеңейту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Іргелі жоба корпоративтік қор есебінен қаржыландырылған.
Көктем жақындаған сайын аймақта тасқын қаупі күшейеді. Әсіресе үш бірдей ауданды жанай өтетін Жабай өзені ерекше бақылауға алынған. Қазір Сандықтау ауданында дәл осы өзеннің жағасы нығайтылып, түбі тереңделіп жатыр.
Арман Кенжеболатов, мердігер:
- Өзеннің ені енді 700 метр, тереңдігі 4-5 метр болады. Ал бөгетті қосқанда тереңдігі 6 метрге дейін жетеді. Қазір жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. 35 техника жұмылдырылған.
Қазір мердігер ұйым екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Олар үш ай уақыт ішінде өзенді қамыстан толық тазартып, арнасын 30-40 метрге дейін кеңейткен. Сондай-ақ мұнда шағын су қоймасы да салынады. Ал бұл жұмыстың барлығын жергілікті тұрғындар жіті бақылап отыр.
Галина Виноградова, Балкашино ауылының тұрғыны:
- Мен осы ауылда туып, бойжеттім. Осы уақыт аралығында дәл осындай жұмыс алғаш рет жүргізіліп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Біз сияқты көптеген тұрғын өз алғысын айтып жатыр.
Валентина Келлер, Балкашино ауылының тұрғыны:
- Барлығы осы жердегі үйлерін тастап, ауылдың жоғары жағы көшіп кетті. Қауіп көп болғасын мұндағы үйлер өз бағасын жоғалтты. Тұрғындар әр көктемді үреймен қарсы алатын. Енді осы жұмыстарды көріп көңілімізге үлкен сенім ұялады.
Айталық, тек осы Балкашино ауылындағы өзен арнасын нығайтуға 4 миллиард теңге бөлінді. Жобаның жүзеге асу мерзімі 3 жыл. Бұдан бөлек, өзендегі су деңгейін реттейін гидротехникалық құрылғы орнату да көзделіп отыр.
Артём Черёмухин, Балкашино ауылы әкімінің м.а.:
- Қазір гидротехникалық құрылғының сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жоба мақұлданса, бірден іске кірісеміз. Ол өзендегі су деңгейін реттейді. Бұл болашақта осы жерде жағажай ашып, туризм саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Сандықтау ауданында қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Бірақ күн күрт жылынса, аудан орталығындағы 100-ден астам үйге қауіп төнеді. Тасқынның алдын алудағы ең басты шара – ол, әрине, елді мекендерді қардан тазалау. Бұл жұмысқа коммуналдық мекемелердің арнайы техникаларынан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдарының көліктері де жұмылдырылған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.