Биыл елде 23,8 млн гектар алқапқа дақыл егіледі

Биыл Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдау артады, деп хабарлайды 24KZ. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімге кемінде 700 млрд теңге бөлінеді. Үкіметте маңызды науқанға дайындық барысы талқыланды. Мінберден алдағы маңызды кезеңге әзірлік барысын баяндаған сала басшысы аграрлық секторды қолдау мығым. «Іркіліс жоқ», – деп сендірді. Расымен солай ма? 

Аграрлық салаға бөлінетін қаржының артуы өнім көлемі мен сапасына әсер етері анық. Былтыр ел диқандары рекордық деңгейде астық жинады. Нақтыласақ, 23,3 млн гектар алқапқа дән себіліп, одан 26,7 млн тонна өнім алынды. Биылғы меже бұдан 518 мың гектарға көп. Яғни 23,8 млн гектарды құрап отыр. Соның ішінде бидай ғана емес, өнімділігі жоғары өзге де дақыл түрлерін өсіруге басымдық беріледі.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бұл ретте бидай монодақылынан басқа дақылға ауысу бойынша ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. 2 жыл ішінде бидай алаңы 730 мың гектарға, соның ішінде ағымдағы жылы 159 мың гектарға қысқарды. Рентабельділігі жоғары дақылдардың аумағы 750 мың гектарға артады.

Кейінгі 10 жылда елде майлы дақылдардың көлемі екі есе өскен. Бұл ретте егілетін тұқымның сапасы да маңызды. Егіс науқанына дайындалған 2,3 млн тонна тұқымның жартысынан көбі сапа стандарттарына сай келеді. Қазір елде зерттеудің мұндай түрін 10-нан астам зертхана өткізеді. Масағы дәнге толған егінді шашау шығармай жинап алу да – өзекті мәселе. Былтыр шаруалар мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 22 мың техника сатып алған. Биыл жеңілдетілген лизинг мөлшері 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ дала жұмыстарында кідіріс болмас үшін жанар-жағармай қоры жылдағыдан 6,5%-ке артық бөлініп отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отынын беру графигін бекітті. Энергетика министрлігі ұсынатын дизель отынының қазіргі бағасы тағайындалған станцияға дейін литріне 232 теңгені құрайды. Бұл литріне 45 теңгеге арзан немесе АЖҚС бөлшек сауда бағасынан 15% төмен.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарына қазынадан кемі 700 млрд теңге қаржы бағытталады. Үкімет басшысы аймақ әкімдеріне қомақты соманың дұрыс жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстасын. Әкімдіктер 1 апта мерзімде өңірлер операторлар бойынша толық деректерді берсін. Шаруашаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шараларды қабылдауды тапсырамын.

Сонымен қатар жиында ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жайы сөз болды. Қазір аталған салада мемлекеттік қызметтің 98%-і онлайн көрсетіледі.

Әсіресе «Жер инспекторы» жүйесінің тиімділігі зор. Оның көмегімен игерусіз жатқан 2 млн гектар жерді мемлекетке қайтару мәселесі тұр. Бұдан бөлек, Жасанды инттелектіні енгізу арқылы саланың жұмысын ширату жоспарланып отыр. Оған Астана Хаб мамандары қолғабыс етуге дайын. Арнайы бағдарлама өтінім беру, субсидия секілді мемлекеттік демеу шаралары жайлы шаруаларға жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетеді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев.