Атырауда саяжай тұрғындары су тасқынынан қауіптеніп отыр
Атырауда саяжай тұрғындары тасқыннан қорғану үшін салынған бөгеттердің беріктігіне күмәнмен қарайды, деп хабарлайды 24KZ. Былтырғыдай мол су келсе, қала іргесіндегі бау-бақша қауымдастығы зардап шегуі мүмкін. Өйткені салынған бөгет нығайтылмаған. «Төгілген топырақ бос жатыр», – дейді. Ал жергілікті билік мәселені қалай шешпек?
Бұл «Геолог» ықшамауданындағы «Беймахис» бау-бақша қауымдастығы тұрғындарының жанайқайы. Былтыр жергілікті билік тасқыннан қорғану үшін саяжайды қоршап, бөгет салған. Бірақ ол тұрғын үйлерге жақын орналасып, көліктердің кіріп-шығуына кедергі келтіріпті. Кейін тұрғындардың өтініші негізінде 20 метрге дейін ығыстырылған. Бірақ тұрғындар салынған бөгеттің нығайтылмағанын айтады. Жайық өзеніне жақын саяжайдың тұрғындары көктемгі тасқын кезінде баспаналары суға кете ме деп алаңдап отыр.
Анаргүл Зұлқашова, қала тұрғыны:
- Біздің талабымыз мына валды стандарт бойынша, технология бойынша кері дұрыстап жасап беруі керек. Былтыр ығыстырды. Әкімшілікке айтып, ығыстыртқыздық. 15-20 метрге. Бірақ қалай болса солай лақтырып-лақтырып тастады. Егер трамбовка жасалмайтын болса, көктемге дейін, тек қана мына «Беймахистің» тұрғындары емес, бүкіл мына Геологты су басып кету қаупі бар. Өйткені мына алынған топырақ қалай болса солай, бос жатыр. Оны бүкіл жергілікті органдар, басшылар біледі.
Қала билігі бұл жағдаймен жақсы таныс. Халықпен кездесуге келген мамандар мәселенің наурыз айына дейін шешілетінін айтты.
Бексұлтан Сатымов, қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Негізгі талабы – осы дамданы трамбовка жасау. Нығайту дейміз ғой. Алдағы уақытта, шамамен, мүмкін, наурыз айларында «трамбовать» етіп, қалпына келтіріп береміз. Барлық стандарттарға сәйкес.
Саяжай тұрғындарын жол мәселесі де алаңдатады. «Бірақ бау-бақша қауымдастығы заң бойынша жеке тұрғын үй секторына ауысқан кезде ғана жол салынады», – дейді әкімдіктегілер.
Қуанышбек Қабдығали, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- ИЖС-ке бәрі ауғаннан кейін бірден біздер жобаға қосып қоямыз. Бірақ енді халықтан өтініп сұраймын, биылша айтып жатырмыз ғой, әкім де алдында қабылдауда тұрғындарға осылай кездескен кезде айтты, тапсырмасын берді. Қалай жол басталады, қалай орталықтағы көшелерге жол салынған кезде міндетті түрде жол осы жерге тартып береді.
Көктем жақындаған сайын мазасы қашқан тұрғындар мәселе тезірек шешілсе дейді. Қазір саяжайда 400-ден аса түтін бар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.