«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде 200-ден астам кәсіп түрі ұсынылды

Қазақстандағы колледждерде жаңа мамандық түрлері оқытыла бастады. Елдегі кәсіптік оқу орындары атом энергетикасы, дрон құрастыру және машина жасау салаларына қажет мамандарды даярлауды қолға алды. Елдегі түрлі жұмысшы мамандықтарының әлеуеті елордада өткен республикалық фестивальде паш етілді. Ауқымды жиын ірі өнеркәсіп орындары, студенттер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Бірегей форматтағы фестиваль жұмысшы мамандықтар жылын ашатын алғашқы ресми шара болып табылады. 

Жұмысшы мамандық иелеріне қашанда құрмет жоғары. Олар ел экономикасының нағыз қозғаушы күші. Ендігі міндет – осынау мамандық түрлеріне жастардың қызығушылығын арттыру, білімді де білікті кадрлардың жаңа шоғырын қалыптастыру. Жұмысшы мамандықтар жылының жылашар фестивалінің мән-маңызы осында.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жұмысшы мамандықтар қалашығының ең негізгі мақсаты – жұмысшы маманының жаңа идеологиясын сіздерге жастарға таныстыру. Жұмысшы мамандығы бұрыңғыдай ең өнімділігі төмен жұмыс емес. Бүгін дрондарды жинайтын, егіс алқаптарында дрондарды басқаратын, жаңа технологияларды басқаратын профессионал.

Иә, елдегі оқу орындары заман ағымына бейімделу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, колледждер күрделі трансформациядан өтіп жатыр. Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – елдегі дрон операторларын дайындайын алғашқы оқу орны. Дипломы бар мамандар қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, өндіріс, аэроғарыш саласында үлкен сұранысқа ие.

Заман ағымына сай дәстүрлі жұмысшы мамандық түрлері де дамып келеді. Фестивальде Қарағанды техникалық колледжінің студенттері құрылыс саласында жаңа технологияларды, құрал-жабдықтарды пайдалануды көпшілікке паш етті. Көпжылдық тарихы бар оқу орны елдің құрылыс саласына қажет кәсіби, сапалы кадрларды даярлап отыр.

Фестиваль өзінің ауқымы жағынан ерекшеленді. Оған елдегі ірі компаниялар қатысып, жас мамандарға өздерінің техникалық мүмкіндіктерін, заманауи ІТ шешімдерді көрсетті.

Жұмысшы мамандығы ол қол еңбегін талап ететін ауыр жұмыс түрі емес. Мәселен, мынадай заманауи темір жол құрамдарын жүргізу үшін инженерлік қабілеті, ІТ-ден хабары бар мамандар қажет

Отандық теміржол саласына білімді де білікті мамандар ауадай қажет. Фестиваль аясында жастар қауымы саланың қазіргі тыныс-тіршілігімен етене танысып, мол ақпарат алды. 

Ал Астана политехникалық колледжінің студенті Айнұр Садықтың арманы – борт серік болу. Шара барысында ол әуе компаниясының жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Осы салада көпжылдық тәжірибесі бар мамандармен сөйлесіп, бортсерік болудың жолдары, мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы сұрап білді.

Фестивальде жұмысшы мамандықтары санатына жататын 200-ден астам кәсіп түрлері келушілер назарына ұсынылды.

Арсен Елубай, медициналық колледж студенті:

- Дипломымды аламын, жоғары оқу орнына түсіп, Қазақстан медицинасын дамтылқым келеді. Елге инновация алып келіп, Қазақстан медицинасын әлемдік деңгейге шығару ойымда бар. Бұл мамандықты өзім жүрегіммен қаладым. 

Фестиваль бірнеше күнге созылады. Оған елдің аймақтарынан 3000-нан астам оқушылар мен студенттер қатысады.

Санжар Тәтібеков, «Talap» КеАҚ президенті:

- Бұл шараның негізгі аудиториясы – бұл жас буын. Бизнестің мүмкіндіктерін көруге жасалған үлкен алаң. Ол тек мектеп оқушылары ғана емес, нид санатындағы жастар. Сонымен қатар қоғамдағы жалпы жұмысшы мамандықтар өкілі, бизнес өкілдері. Қазір 9 өңірде жаңа мамандықтар бойынша атлас басталып кетті. Осы фестиваль аясында елімізді дамытуға бар мұмкіндігіміз бар. 

Фестиваль аясында түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтары, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтеді.

Авторы: Қуандық Танабас.