Семейде бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 500-ге жуық тұрғын келді

Семейде де «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Оған 30-дан астам жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында облыстағы жетекші кәсіпорындар мен өндіріс орындарының өкілдері бар. 

Жәрмеңкеге 500-ге жуық тұрғын келіп, өзіне қажетті ақпарат алып, түйіндемесін тастап кетті. Еңбекпен қамтуға арналған іс-шара өңірдегі барлық қала мен ауданда өтті. Облыс бойынша 151 жұмыс беруші 400-ден астам жұмыс орнын ұсынды.

Ал былтыр облыста 150-ге жуық жәрмеңке өткен. Оған 10 мыңға жуық адам қатысып, мың жарымға жуығы еңбекпен қамтылды. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Еркебұлан Тұрсын, Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Біздің облыстағы жұмыс берушілер бос вакансияларын осы жәрмеңкеге әкеліп, сол жерде өздерінеи қажетті мамандарды табуға мүмкіншілік жасап отырмыз. Қазіргі таңда Семей қаласы бойынша айтатын болсақ, 35-ке жуық мекеме бізде осы іс-шараға қатысып отыр. 100-ден астам вакансия ұсынып отыр.