Оралда жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр
Оралда су тасқынына қарсы дайындық қызу.
Шаған және Жайық өзендерінің жағасындағы ойпаң жерлерге дамбалар салынып, бөгеттер биіктетілді.
Бұл шаралар тасқын судың алдын алу және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. Жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі жұмысты наурыз айына дейін аяқтамақ.
Биылғы жағалау бекіту жұмыстары былтырғы тасқын кезінде жасалған топографиялық зерттеулердің қорытындысын негізге алған. Су басуы ықтимал тұстың бірі - Зашаған кентіндегі Коминтерн шағын ауданы. Қазір ауылды айнала ұзындығы 1,2 шақырым бөгет нығайтылып, 6,4 шақырым арық жүйесі салынған.
Асылжан Хайруллин, Зашаған кенті әкімінің орынбасары:
- Сонымен қатар қазіргі таңда Анискин көлі маңайында дамбаны нығайту жұмыстары жалғасын табуда. Жалпы ұзындығы 420 метр. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың наурыз айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек «Речник» және «Венера» саяжайлары маңында 1,8 шақырым, Перевалочно-Набережная көшесінде 4 шақырым, сондай-ақ шаһардың көне бөлігі саналатын Курени ауданында 2 шақырымға жуық бөгеттер биіктетіліп жатыр. Арнайы техника кіре алмайтын аумақтар құм салынған қапшықтармен бекітілген.
Михаил Черноусов, мердігер компания өкілі:
- Біз қазір Курени ауданында дамбаларды нығайтып жатырмыз. Жайықтың жайылмасындамыз. Осыдан кейін арналық бөлігіне көшеміз. Жұмысты 28 қарашада бастадық. Құрылыс 95%-ке бітті. Саз топырақ төсеп, әрбір 30 см сайын оны арнайы техникамен таптап, нығыздап келеміз. Қазір Балтық теңізі деңгейімен санағанда 34 метрге дейін көтердік.
Облыстық аурухана ауданында да тиісті жұмыстар басталған. Алайда құрылысшыларға қолбайлау боп отырған жайттар да бар.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Дәл қазір жағалау бекіту жұмыстарына кедергі келтіріп тұрған фактордың бірі – өзенге тақау тұрған үйлер мен түрлі құрылыстардың болуы. Мәселен біз облыстық аурухана ауданы аумағында Жайықтың жағалауында тұрмыз. Бұл жерде дамбаны әрі қарай жалғастыру үшін мына гараждарды толықтай бұзу қажет.
Ол үшін «Орал» гараж кооперативіндегі шеткі қатарды толықтай мемлекет меншігіне қайтару қажет.
Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Реквизиция деп айтамыз. Мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде меншік иелеріне бағалау құнымен ақшасы қайтарылатын болады. Сол жердегі бөгеттер салу басқа да жұмыстарына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Алайда қаржылық-экономикалық жұмыстар, бағалау жұмыстарының барлығы тиісті заңға сай жүргізіледі.
Өзен жағасындағы үй қожайындарының бос жерді өз бетінше иемденіп, заңсыз құрылыс салу фактілері де аз емес. Арнайы құрылған комиссия былтыр көктемнен бері осындай 17 фактіні анықтапты.
Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов