Нұралық энергетиктер ақау шыққан жерге шаңғымен барады
Биыл қар қалың түсті.
Бұл әсіресе түзде көп жүретін жұмысшыларға қиын. Бірақ кәнігі мамандар жұмысты тоқтатпайды. Қарағанды облысының Нұра ауданында энергетиктер электр желілерін жөндеу үшін көлік жете алмаған жерге шаңғымен барып жүр.
Ал аудандағы электр желілерінің дені елді мекендерден жырақта жатыр. Тұрғындар ұзақ уақыт жарықсыз отырмас үшін аяққа шаңғы байлап, ақ қарда жүйіткіп жүрген жандар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Нұра ауданындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 2743 шақырым. Олардың қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеуін электрик мамандар бақылауда ұстайды. Жұмыс әсіресе қыста қиындайды. Себебі мынадай омбы қарда ақау шыққан жерге кейде шаңғымен баруға тура келеді.
Нұрдәулет пен Жангелді Нұра ауданы электр желілері мекемесінде монтёр болып жұмыс істейді. Боранды күндердің бірінде электр желісінен ақау шығып, 4 елді мекен жарықсыз қалған. Шұғыл жөндеу үшін жігіттер шаңғымен жолға шығады. Жолай қар құрсауында қалған көліктерге кезігіп, көмектерін де беріпті.
Сол кезде жолаушылар түсірген мына бейнежазбаны әлеуметтік желіден көрген жұрт шаңғышы жігіттердің жұмысқа деген жауапкершілігіне сұйсінген.
Нұрдәулет Қазкенов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің монтёры:
- Жарасбай ауылына қарай шығып бара жатып болған оқиға ғой. Жаңағы ақауды жөндеп шығып бара жатқанбыз шаңғымен, машиналарға көмектестік. Көмектесу керек енді адамгершілік бар ғой, тастап кетпейміз ғой айдаладағы адамдарды.
Жарықтың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету – энергетик мамандардың тікелей міндеті. Бірақ қолайсыз ауа райы жағдайында жұмыстың қиындайтыны рас. Ыстық пен суыққа қарамай ақау шыққан жерге мейлінше жедел жету маңызды. Себебі жарық сөнсе ең алдымен әлеуметтік нысандардың жұмысы тұралайды.
Жангелді Ысқақов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің монтёры:
- Ыстық-суыққа қарамай жүре береміз жұмыс қой. Бастысы ауылда вет сөнбесе болды ауданда. Шаңғымен ғана емес инструменттер бар ауыр, ауыр. Одан қалды изолятор, оның барлығын сүйреп жүру ауыр.
Қарағанды облысы бойынша ең үлкен электр желілерінің учаскесіне жауапты мекемеде 115 адам еңбек етеді. Соңғы екі жылда жұмысшылардың жағдайына көңіл бөліне бастаған. Техника паркі жаңартылып, жалақы өсті. Соның арқасында ұжымға жастар келе бастады,-дейді Нұра ауданы электр желілері мекемесінің басшысы Санжар Ерімов.
Санжар Ерімов, Нұра ауданы электр желілері мекемесінің басшысы:
- Негізі біздің Нұра ауданының электр желілері ең үлкен. Бір шеті анау Шұбаркөлден бастап, басқа шеті мына Қорғалжында бітеді. Ауылдарда свет сөнген кезде кейбір кезде жолда болмайды. Сосын арнайы үлкен көліктер жалдап жіберген кезде кісілерімізді байланыс та боламйды. Сол кездерде бізге өте қиын түседі. Оған қарамай біздің жігіттер жол жоқ жерлерге шаңғыларын киіп алып барады.
Нұрдәулет пен Жангелді сынды энергетиктердің арқасында ауданға қарасты 25 ауылдық округ үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіліп отыр. Олар ел үшін тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдары.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков