Жетісуда орманға өмірін арнаған отбасы тұрады

Ахуновтар әулеті Жетісу облысындағы орман шаруашылығына өмірін арнаған отбасы.

Олардың бұл саладағы тарихы 150 жылға жуықтап, үш ұрпақ бойы табиғатты қорғап, ұлттық парктің дамуына зор үлес қосып келеді.

Әулеттің «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі еңбегі ерен. Әр буын ата-баба жолын жалғастырып, орман байлығын сақтауға бар күшін салып жүр. 

Лепсінің іргесіндегі қалың қарағай мен қайыңды Самиғолла қария қызметтестерімен бірге еккен. Бірнеше жыл бойы күтіп баптаған көшеттері тамыр жайып орманды алқапқа айналды. Жасыл желекпен көмкерілген аумақ қазір орманшылар еңбегінің ескерткішіндей болып тұр. 

Самиғолла Ахунов, Лепсі ауылының тұрғыны:

- Менің балам сияқты мынау орман. Қалай баланы өсіресің мына орманды солай өсіресің. Вообще қалың орман болып кетсе әйбәт болады. 

Самиғолла ақсақал орманшылық кәсіпті анасынан үйренген. Кейін өзі де 45 жылдық ғұмырын осы салаға арнады. Зейнетке шыққан соң ұлы Рустам әке жолын жалғады. Қазір ол қарамағындағы инспекторлармен бірге жабайы жануарларға шөп шашып, қыстан қоңды шығуына жағдай жасап жатыр.

Рустам Самиғұлов, "Жоңғар Алатауы" МҰТП Лепсі филиалының қызметкері:

- Олар қыстан жақсы шықса төлдейді. Саны өседі. Тауда көп жануар болса бізге де жақсы. И біздің балаларға жақсы. Сол үшін қорғаймыз да биотехникалық жұмыстарды істейміз. 

«Жоңғар Алатауы» паркінің Лепсі филиалында 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың арасында орманшылықты кәсіп еткен отбасылар да бар.  

Айдар Байжанов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП Лепсі филиалы директорының орынбасары:

- Осы салада қызмет ететін қызметкерлердің балаларын осы салаға тарту үшін «Жас орманшылар» мектебі құрылған. Оларға осы табиғатты сүю, қорғауға шақырамыз, оларға әкелерінің істеген жұмысы таныстырылады. Орман өртінің алдын алу шараларына қатысады.  

Парк қызметкерлері аймақтағы он білім ошағында «Мектеп орманшылығы» мен экоклубтарды құрды. Сол арқылы олар табиғат жанашырларын тәрбиелеуге үлес қосып жатыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын