Петропавлдағы Заречный шағынауданының халқы көшіріледі

Көктем сайын су астында қалатын Петропавлдағы Заречный шағынауданының тұрғындары биыл басқа аумаққа көшіріледі.

Билік өкілдері оларға қаладан жаңа баспана немесе қаржылай өтемақы ұсынбақшы. Алайда бұл көшіру бағдарламасына саяжайларда тұратын тұрғындар кірмей қалған. Қазір онда тұрақты тұрып жатқан халық алаңдаулы.

Тишковтар отбасы саяжай аумағына осыдан он бір жыл бұрын көшіп келген. Осы аумақтан жер алып, үй салған. Бірақ былтыр көктемгі қарғын су баспаналарын шайып кеткен екен. Биыл шағынаудан маңынан бөгет салынған. Тұрғындар соған қарамастан «биыл сол жағдай қайталана ма?» деп алаңдаулы.

Наталья Тишкова, қала тұрғыны:

– Өткен жылдардағыдай су келсе, баспанамызды шайып кетеді. Бөгеттің бізді қорғайтынына сенбейміз. Тасқын су келсе, баспанамыз түкке жарамсыз болып қалады. Сонда біз не істейміз?

Раушан Абдрахманова да салынған бөгет тасқын суға тосқауыл болатынына күмәнмен қарайды. «Қарғын су бөгетті шайса, өмірімізге қауіп төнеді», - деп отыр. Бүгінде 40 отбасы саяжайда тұрады. Ал оларға мемлекеттен ешқандай көмек қарастырылмаған.

Раушан Абдрахманова, қала тұрғыны:

– Біз қазір қорқып отырмыз. Қала әкімімен кездесу кезінде Заречный шағынауданы түгелдей көшіріледі деген болатын. Енді біз қалып отырмыз. Ертең үйімізді су алып кетсе, қайда барамыз? Бізге үйді саяжай аумағынан заңсыз салып алғансыңдар дейді? Бірақ бұл - біздің жалғыз баспанамыз.

Жергілікті билік шағынаудан халқын биыл көшіруді жоспарлап отыр. Тұрғындарға қаладан пәтер немесе қаржылай өтемақы қарастырылған. Ал саяжай аумағында тұратын халық бұл жәрдемнен мақұрым қалып отыр.

Асем Айтұлова, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Заң бойынша оларға ұсыныс беріледі. Яғни олар пәтер таңдай алады қалада немесе ақшалай жаңағы шығындарын өтейтін болады. Егер Заречный кентінен көшпеймін дейтіндер болса, онда олар өз үйінде қала береді. Заңнан аттап жаңағы саяжай тұрғындарына пәтер беру мүмкіндігі жоқ.

Қазір Заречный кенті су басу қаупі бар аймақта тұр. Бұған дейін мұнда 400-ден астам отбасы тұрған. Былтыр көктемде Есіл арнасынан шығып бірталай жұрт үй-күйсіз қалған еді. Бүгінде шағынауданда 250 отбасы тұрып жатыр. 

Рүстем Қайратұлы, Наталья Волкова, Куаныш Казбеков