Депутат: Елдегі психиатриялық қызметті реформалау қажет

Елдегі психиатриялық қызмет реформаға мұқтаж. Депутат Ирина Смирнова елордада психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірімнің 5 жасар балаға шабуылынан кейін осындай пікір білдірді, деп хабарлайды 24kz

Оқыс оқиға кеше елордадағы тұрғын үй кешенінің біріндегі жеделсатыда болды. Агрессордың сол күні 5 жасар баладан басқа қыз балаға да шабуылдамақ болғаны таспаға жазылған. «Психикалық ауытқуы бар адамдардың ортада жүргені қауіпті», -дейді мәжілісмен.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елдегі психиатриялық қызметті реформалау қажеттігі жайында жуырда ғана мәселе көтерген болатынбыз. Бұл қызметтің жұмысын қайта қарау керек, себебі психикалық ерекшеліктері бар көптеген адам ем алмай, қоғамдық ортада жүр. Бұл мәселеге барынша байыппен қарау керек. Жеделсатыда психикалық ауытқуы бар адамның қолынан баланың зардап шеккені салаға өзгерістердің қажет екенін көрсетті.