Кәсіпкерлер салық реформаларын талқылады

Қосымша құн салығының өсуі қызмет көрсету саласына әсер етпейді. Атап айтқанда, шаштараз, мейрамханалар, қонақ үйлер, үй жанындағы шағын дүкендердің жұмысына ешқандай әсері жоқ. Олар бұрынғыдай бөлшек салық режимінде жұмыс істейді. Сондықтан тауар мен қызмет құны қымбаттамауы тиіс. Бұл туралы бүгін Алматыда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлермен кездесуінде айтты.

Салық реформаларын талқылауға арналған жиында кәсіпкерлер, қосымша құн салығы көтерілсе, шағын және орта бизнестің «көлеңкеге» кетуге мәжбүр болатынын алға тартып, баламалы ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, импорттық шикізатқа тәуелді жеңіл өнеркәсіп өкілдері өндірушілерге салық жеңілдіктерін қарастыруды ұсынды. «Ал, туризм саласы салық артса, бәсекелестікке төтеп бере алмай қаламыз», - дейді. Сондықтан ішкі туризмге нөлдік мөлшерлеме бекітуді сұрады.

Айта кетейік, салық реформаларын түсіндіру бойынша алты үкіметтік жұмыс тобы құрылған. Олар он күн бойы өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен кездеседі.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары –қр ұлттық экономика министрі:

- Алматы – шағын және орта бизнестің ең дамыған өңірі. Жаңа салмақты бизнесмендердің пікірін естідім. Жақсы әңгіме болды деп есептеймін. Біраз ой-пікірмен біз кетіп бара жатырмыз. Ертең оны іске асырамыз. Кешенді жоспар бар, мына бизнесті көлеңкеден шығаратын. Банктерді нақты секторға қаражат салуға ынталандырамыз. Жақында даму қоры негізінде біздер арнайы кепілдік қор ашамыз. Өзіміздің жоспарларымыз өте көп.