Жайық өзеніне Ресейден келетін су көлемі артады
Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су мөлшері ақпанның 14-інен бастап секундына 60 текшеметрден 108 текше метрге дейін ұлғаймақ, деп хабарлайды 24kz.
Бұған дейін бұл гидронысаннан жыл сайын осы уақытта секундына 15 текше метрден артық су жіберілмейтін. Дәл қазір су қоймасы 76% толып тұр. Бірақ үрейленудің қажеті жоқ. Аталған көлемдегі судан өзен тасымайды, арнасынан аспайды, тіпті мұз да қозғалмайды», - дейді батысқазақстандық су шаруашылығының мамандары. Бұл дегеніміз, Жайықтан су алатын Орал-Көшім жүйесіндегі Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларын қажетті мөлшерде толтыру жұмыстары жоспарға сай жалғаса бермек.
Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры:
- Қазіргі уақытта Жайық өзенінің Орал қаласындағы судың деңгейі нөлден санағанда 157 см. Қауіпті деңгей – 850 см. Қазіргі уақытта Ирикла су қоймасынан тасталып жатқан көбейтілер судың шығыны Қазақстанға, Орал қаласына жету мерзімі 25-30 күн. Ол наурыз айының орталарына келетін болады. Осы мына 108 текше метр Жайық өзеніне көп әсерін бермейді.