Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында мәдениет үйі ашылды

Маңғыстау облысының Сайөтес ауылдық округінде алғаш рет мәдениет үйі ашылды, деп хабарлайды 24kz

Елді мекен тұрғындары бұл қуанышты сәтті 60 жылдан астам уақыт бойы күтті. Олар бұған дейін балаларын үш-ақ үйірмеге беретін. Ол қуықтай ғана екі бөлмеде ұйымдастырылып келген еді. Шалғай ауыл тұрғындары жаңа мәдениет ошағының пайдалануға берілуін үлкен қуанышқа балап отыр.

Сайөтес ауылдық округіндегі халық игілігіне берілген мәдениет үйінде гобелен тоқу үйірмесі ашылды. Кілемді сурет сала отырып тоқу оңай шаруа емес. Ол байыптылықты және асқан шыдамдылықты қажет етеді. Оқушылар өз туындыларында ұлттық ою-өрнектерімізді бедерлеп, көшпенділер өмірін жан-жақты көрсетуге талаптанып жатыр.

Хиуаз Демеуова, сурет үйірмесінің жетекшісі:

- Гобелен өнері біздің Маңғыстауда өте жақсы дамыған. Қазақтың ұлттық өнері – алаша тоқу өнері бар ғой, соған келеді. Сондықтан осы жерде балаларға түрлі жіптерден гобелен тоқуға үйретіп жатырмыз. Енді үйірмеде бала көп. Көбіне қыздарды баулимын. Өйткені қыздар ұлдардан көрі шығармашылыққа бейімірек болады тоқу, тігу өнеріне. Көбіне енді өте күрделі емес, қарапайым гобелендерден бастап тоқимыз.

Сайөтес ауылдық округі Ақтаудан 300 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда 2 мыңнан астам адам тұрады. Жаңа мәдениет үйінде 7 үйірме, кітапхана және ішіне 200 адам сыятын мәжіліс залы бар. Онда 30 адам жұмысқа орналасты. Өнер ұжымында баян тартушы мен ауыл әжелерінен құрылған хор да бар.

Күләш Жайым, Сайөтес ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі:

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен халықтың мәдени демалысын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық базасы осы ғимаратпен бірге келді және аудандық мәдениет үйінен келген жарық светомузыка, мына жердегі аппаратура, LED экран қазіргі заман талабына сай. Бұрын баннер шығарып, реквизиттерді дайындайтын болсақ, оның бәрінен қазір заманауи үлгіге әлемдік деңгейдегі көштік десек болады.

Сайөтес ауылдық округі жақында өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Жергілікті өнерпаздар осы айтулы күнге орай мерекелік бағдарлама әзірлеп жатыр. Ол үшін 200-ден астам ұлттық нақыштағы киім тігіле бастады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев