«Үйімізді қайтарып берсін». Оралда баспанасынан айырылғандар базынасын айтты

Оралда реновация бағдарламасымен 8 жылда 34 апатты үй сүріліп, орнына 16 көпқабатты үй салынды, деп хабарлайды 24kz

Алайда жаңа үй аламыз деп, ескі қонысынан айырылып қалғандар бар. Әбубәкір Кердері атындағы көшенің 187-ші үй тұрғындары құрылыс компаниясы өкілдерінің уәдесін 5 жылдан бері күтіп жүр. Ол аз десеңіз, уақытша тұрып жатқан баспананың басқа қожайыны табылып, тұрғындарды сот арқылы күштеп шығармақшы.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Әбубәкір Кердері 187 мекенжайындағы мына екі қабатты үйде 8 отбасы тұрған екен. 2020 жылы «Казхол» деп аталатын құрылыс компаниясы осы жерде жаңа үй саламыз, сіздерге жаңа баспана береміз деп, тұрғындарды үгіттеп көндіреді. Оған әкімдік қосылып, үшжақты келісімге қол қояды. Алайда бес жыл өтті, жаңа үй тұрмақ, ескі үйдің өзі бұзылмаған.

Терезелері таспен бітеліп, есіктері дәнекерленген, жылу мен судан, жарықтан ажыратылған иесіз үйді тұрғындар күніне бір қарап қояды. Алайда әзірге жаңа құрылыстың басталар түрі көрінбейді.

Нүрия Дүйсәлиева, қала тұрғыны:

- Әминов Тимур деген кісі уәде етті. Мен сіздерге мынадан керемет үй салып берем. Еуропалық стандартпен. Астыңғы жағы гараж болады деді. Айтпағаны жоқ. Оның айтқанына сеніп қалдық. Енді осындай жағдайға түсіп қалдық. Кілең зейнеткер кісілер қаңғып жүрміз.

Апатты үйдің тұрғындарына жаңа үй салынғанша деп осы маңнан уақытша пәтер берген. Алайда ол баспананың басқа қожайындары бар боп шыққан. Енді бір жанұяны сот арқылы күштеп көшірмекші боп жатыр. «Алтын алқа» иегері Асылгүл Мұқашева қыстың көзі қырауда қайда барарын білмейді.

Асылгүл Мұқашева, көпбалалы ана:

- Мен тұрып жатқан пәтерді кепілге салған. Сол пәтердің иесі сатып алып, мені сотқа беріп, босат деп жатыр. Біздің талабымыз біздің жағдайымызға назар аударсын, үйімізді қайтарып берсін, басқа «застройщикке» берсін, басқа құрылысшы келіп салсын, қанша уақытқа дейін осылай жүреміз? Бармаған жерім жоқ. Қала әкімдігіне 13 рет бардым.

Құрылыс компаниясы Асылгүлге басқа жерден баспана ұсыныпты. Алайда көпбалалы ана үйренген жер орталықтан көшкісі келмейтінін айтады.

Асылгүл Мұқашева, көпбалалы ана:

- Басқа жерден үй бергенде қалай? Бір жылға беріп тұр ғой. Бір жыл болса да, екі жыл болса да мен келіспеймін. Ол уақытша. Жиһаз мысалы бұзып құрағанда, ол бұзылады ғой. Ол вариант емес қой. Мен неге қаңғып жүрем бөтен үйге барып. 11 ай ішінде саламыз, жаңа үйге кері қайтасыздар деп уәде берді, ол уәделерінде тұрған жоқ.

Мәселенің мәнісін сұрап, кәсіпкерге хабарластық. Компания басшылығы тірлігі тұралап қалған кәсіпорын жұмысы жуырда жанданатынын айтады.

Есенжан Шонаев, «Қазхол» ЖШС бас директоры:

- Біздерде қаржылық дағдарыс болған соң көп кәсіпорындар, жеке тұлғалар бізді сотқа беріп, бұғаттап тастады. Реабилитацияға бердік. Сот шешімін күтіп отырмыз. Сосын фирма шоттары ашылады. Фирма жұмыс істейді.  Бізде қазір қасымызда инвесторлар бар. Ана қарындас сыртта қалмайды. Мен бәріне айттым.

Кәсіпкердің сөзін қала басшылығы да растады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында апатты үйді жаңарту туралы үшжақты меморандумға қол қойған тараптың бірі қалалық әкімдік.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерде әкімдіктің міндеті көптеген алаяқтық болады, басқа болады. Сол болмау үшін әкімдік үшінші жақ болып кірді. Мына жерде аталған келісімшарттың жүзеге асуына әкімдік жауап береді. Аталған жанұяны қазіргі тұрып жатырған Құрманғазы 196 пәтерінде қалдыру – ол басты жоспар. Егер оған қол жеткізе алмайтын болсақ, «Қазхол» есебінен жаңа баспана, үш бөлмелі жаңа баспана ұсынылатын болады.

Реновация бағдарламасы бойынша Орал қаласында соңғы 8 жылда 34 апатты үй сүріліп, орнына 16 көпқабатты үй салынды.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов