Қарағанды облысындағы шаруа қожалықтарына механизаторлар жетіспейді

Қарағанды облысының Нұра ауданында механизаторлар тапшы. Сол себепті жергілікті копсалалы колледжде биыл күзден бастап осы мамандық иелері қысқа мерзімді курста оқытылады, деп хабарлайды 24kz

Егін шаруашылығымен айналысатын аудандағы 8 ауылдан қазірдің өзінде «Мансап» орталығына механизаторлар қажеттігі жөнінде өтінім түскен. Ал облыс бойынша қанша маман жетіспейді?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Байтуған ауылының тұрғыны Ардақ Омаров 2010 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Механизатор мамандығына оқытады дегенді естіп, аудандық «Мансап» орталығына өтініш жолдапты. Жылда көктемгі және күзгі науқан кезінде шаруашылықтар механизатор таппай қиналады. Барлығына бірдей маман жетпейді. Амалсыз сырттан жалдайды.

Ардақ Омаров, Байтуған ауылының тұрғыны:

- Жалдаймыз, арасында өзіміз де отырамыз. Барлығы оқып келмейді ғой. Үйрендік оған да. Қазір енді үлкен кісілер пенсияға шығып жатыр, қартайып жатыр дегендей. Жастар керек. Жастарды енді оқуға жібертіп жатырмыз аздап.

Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын Нұра ауданында бұл мәселе өте өзекті. Қазірдің өзінде аудандық «Мансап» орталығына 8 шаруа қожалығынан 12 маман оқытып беруге өтініш түскен. Осыған байланысты Нұра кентіндегі көпсалалы колледжбен арада келісім жасалған. Енді күзден бастап механизаторлар қысқа мерзімді курста оқытыла бастайды.

Ерлан Жүнісов, Нұра ауданы «Мансап» орталығының басшысы:

- Бұл 3 айлық курс тегін Үкіметтің тарапынан. Ай сайын оқушыға стипендиясы төленеді. Оқып біткеннен кейін міндетті түрде оларды жұмысқа орналастыратын боламыз.

Колледж 200 орынға арналған. Шалғай ауылдан келіп оқитындар үшін 100 орындық жатақханасы бар. Бұған дейін мұнда үнемі тапшылық туындайтын тракторшы, автоэлектрик, құрылысшы, аспазшы, тігінші, дәнекерлеуші мамандар оқытылып келді.

Сайран Сағымбеков, колледж директоры:

- Бізге көп ұсыныстар түсті осы шаруашылықтардан. Қазір жұмыс істеп жүрген механизаторлардың жастары зейнетке кеп қалды, айналысатын жастар өте аз деп. Сондықтан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биылға студенттер келсін деп осы мамандыққа.

Қазір механизаторларды оқыту үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Мысалы оқу орны 94 гектар жер теліміне өтініш берген. Онда мамандар жер жыртып, егін салып, дала жағдайында техниканы жөндеуге дағдыланады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Мына механикалық шеберханада болашақ механизаторлар тәжірибелік дағдыларды меңгереді. Мұнда қажетті техниканың барлығы бар. Биылдан бастап механизаторларды көптеп оқытатындықтан, жаңа техникаларға да тапсырыс берілген.

Қарағанды облысы бойынша шаруа қожалықтарына 49 механизатор жетіспейді. Осыған байланысты «Мансап» орталықтары оны тапшы маман тізіміне енгізген.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков