Қазақстандықтар жасанды интеллекттің көмегімен заңгерлік кеңес ала алады
Енді заңгерлік кеңес алу үшін адвокат іздеудің қажеті жоқ. Білікті мамандарды жасанды интелект алмастыруға дайын. Әділет министрлігі әзірлеген «Әйтеке» көмекшісі кез келген құқық саласына қатысты сұраққа жауап береді, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ құжаттар жинауға көмектеседі. Чат-ботты жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Салаға серпін берген заманауи технологиялардың көкжиегі мұнымен шектелмейді. Қазақстанда роботтар сот орындаушылардың орнын басып жатыр. Нәтижесінде қараша қаржыдан қағылмайды әрі жылдам, сапалы қызмет алып жүр.
Бекзат Аманов, тілші:
- Жыл соңына қарай әр үйдің өз заңгері болады. Оның есімі – «Әйтеке». Жасанды интеллектіге мамандар осындай атау беріпті. Чат-бот форматында жұмыс істейтін құрылғы Ата заңды жатқа біледі. Ғаламтордың арқасында өзін өзі ұдайы дамытып отыруға қабілетті. «Ең бастысы, озық технология толығымен отандық өнім», - дейді мамандар. Демек, қолданушылардың деректері қорғауда болады. Ал чат-ботпен сөйлесу анонимді түрде жүзеге асады.
Дінмұхамед Күмісбек, ҚР Әділет министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің сарапшысы:
- Чат-бот түрінде жұмыс жасайтын болады. Мысалы eGov.kz порталында адамға сұрақ қояды. Сол сияқты, кез келген адам өз сұрағын қойып, өзіне керек ақпаратты ала алады. Әділет министрлігінің жеке порталында қосылады, және кез келген азамат үшін ашық әрі тегін болады.
Сот орындаушыларды роботтар алмастырады
Саладағы жетістіктердің қатарына робот сот орындаушыларды да қосуға болады. Былтыр іске қосылған құрылғының арқасында халықтың 550 млн теңгесі үнемделді. Құны 2 млрд теңгеден асқан 109 мың іс қаралды. Осылайша, қарапайым робот берешекке белшеден батқан қарашаны қарыз қамытынан сақтады. Себебі, робот тегін жұмыс істейді.
Дінмұхамед Күмісбек, ҚР Әділет министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің сарапшысы:
- 2025 жылы сот орындаушының құзырын кеңейтіп, ол айналысатын берешек мөлшерінің шегін 20-дан 40 АЕК-ке кеңейтіп, бұл азаматтардың пайдасына жылына 12,2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Өтінім түскен уақыттан бастап жұмысын бастайды. Өзінің белгіленген уақыты болады, қосымша айыппұл төлеуден босатылады адамдар.
Азаматтарды құқықтық қолдауды күшейту маңызды. Былтыр 2 мыңнан астам адам бейнебайланыс арқылы адвокат пен заң кеңесшілеріне жүгінген. Министрлік бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтады.
Авторы: Бекзат Аманов