1700 студент «Самұрық-Қазына» кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті

«Самұрық-Қазына» компаниялары тобында бүгінде 255 мыңнан астам адам еңбек етеді, деп хабарлайды 24kz

Олардың басым бөлігі өндірістегі қызметкерлер. Компания әрдайым жұмысшыларды қолдауға, жас мамандарды оқытып, кәсіби біліктілігін арттыруға айрықша мән береді. Қор құрамына кіретін кәсіпорындардың жұмысымен Астана төрінде өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде танысуға болды. Ондағы мақсат – жұмысшы мамандық түрлеріне жастардың қызығушылығын арттырып, кәсіби кадрлардың жаңа шоғырын қалыптастыру.

Өткен жылы «Самұрық-Қазына» компаниялары тобы 17 трлн теңгеден астам пайда тапты. Оның 1,8 трлн теңгесі – таза табыс. Бұл – энергетиктер, теміржолшылар, мұнайшылар сияқты жұмысшы мамандардың еселі еңбегінің нәтижесі. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар, осылайша, елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл көрсеткіштерге өндірістік қызметкерлердің арқасында қол жеткіздік. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз жұмысшыларды қолдау, жас мамандарды даярлау бойынша кешенді шараларды жүзеге асырамыз. Қазір қор компаниялары тобында 5 мыңнан астам маман тапшы. Атап айтқанда, теміржолшылар, мұнайшылар, энергетиктер, атом және тау-кен өндірісі саласының қызметкерлері, құрылысшыларға сұраныс бар.

Кадрлық тапшылықтың орнын толтыру мақсатында қор дуальді оқыту бағдарламаларын ұйымдастырады. Елдегі оқу орындарымен белсенді жұмыс істеудің нәтижесінде 1700 студент қор кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Биыл жаңа әлеуметтік бастама – Samruk Úmiti бағдарламасы іске қосылады. Ол балалар үйінің тәрбиеленушілерін колледжге түсуге дайындауға бағытталған.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бағдарлама 9-сынып оқушыларына арналған. Дайындық барысында олармен психологтар, кәсіби бағдар берушілер және тәлімгерлер жұмыс істейді. Осылайша, оларға болашақ мамандықты таңдап, оқу орнына түсуге көмек көрсетіледі.Сондай-ақ «Тәлімгер» жобасы аясында жыл соңына дейін қор тобының кәсіпорындарына колледждерде оқитын балалар үйінің 100 түлегін жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Қуандық Танабас, Артур Горшняков