ШҚО-да 15 елді мекенді су басу қаупі сейілді
Шығыс Қазақстан облысында 72 ауылдағы 109 нысанды су басу қаупі бар, деп хабарлайды 24kz.
Қолайсыз ауа райы мен қалың қар жағдайды күрделендіре түскен. Коммуналдық қызметтер тұрғын үйлер орналасқан аймақтардан 220 мың текше метрден астам қарды сыртқа шығарды. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Су деңгейі жиі көтерілетін өзендерге әуеден және гидробекеттер арқылы бақылау жүргізілуде. Өңірде көктемгі су тасқынына дайындық өткен жаздан басталды. Бөгеттер нығайтылып, өзен арналары тазартылып, кеңейтілді. Соның арқасында 15 елді мекенді су басу қаупі сейілді. Тасқынға қарсы жұмыстарға 2 млрд теңге жұмсалды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 есе көп. Қазір ең үлкен қауіп үш аудан арқылы өтетін Бұқтырма өзеніне қатысты болып тұр.
Рафик Симбинов, ШҚО Мобилизациялық дайындықты қамтамасыз ету қызметінің басшысы:
- Су тасқыны қаупі Үлкен Нарын, Алтай, Катон мен Риддер ауданының маңындағы Үлбі өзенінен төнуі мүмкін. Бірақ біз былтырғыдай мұзды жару жұмыстарын уақытылы жүргізетін болсақ, бұл қауіптің бетін қайтаруға болады.