Жезқазғанда бос орындар жәрмеңкесінде бір күнде 20 адам жұмыс тапты
Жезқазғанда өткен еңбек жәрмеңкесінде 20-дан астам тұрғын бір күнде өзіне лайықты жұмыс тапты, тағы 100-ге жуық азамат еңбек нарығы бойынша кеңес алды, деп хабарлайды 24kz.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған алғашқы жәрмеңкеге 30-ға жуық мекеме қатысып, 200-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Қызмет саласы да әртүрлі. Қатардағы маманнан бастап басшылық лауазымға дейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Өндірісті өңірде, әсіресе, қарапайым жұмысшыларға сұраныс жоғары. Алдағы көктемде Жезқазған – Қызылорда жолын жаңғырту жұмыстары басталмақ, осыған байланысты жұмысшы мамандарға қажеттілік арта түседі. Бүгінде аймақта 500-ден астам бос жұмыс орны бар.
Ақерке Ахметжанова, қалалық «Мансап» орталығының бөлім басшысы:
- Жұмыс берушілер тарапынан сұраныс көп орындар ол – үлкен техникаларды айдаушы мамандар, сонымен қатар жол жөндеу жұмыстарымен айналысатын мамандар. Мектеп, балабақшаға мұғалімдер тапшы, тәрбиешілер тапшы. 100-ден астам жұмыссыз жүрген Жезқазған қаласының тұрғындары келіп, өздерінің мамандықтарына сай және өздерінің талаптарына сай әртүрлі бос жұмыстарымен танысты.