Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң мақұлданды

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасына биік ғимарат тұрғызуға тыйым салынады. Бүгін Сенат «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңы мен ілеспе құжатты екінші оқылымда мақұлдады. 

Заң бойынша Түркістан еліміздің рухани-тарихи астанасы мәртебесіне ие болады. Демек бұл бірегей қала елдің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде одан әрі дамиды. Ежелгі Түркістан ескерткіштерін қорғау үшін қазір археологиялық резерват құрылып жатыр. Қала әкімдігіне ескерткіштерді анықтау мен зерделеумен қатар тарихи-мәдени мұраны қорғау өкілеттігі берілді. Сонымен қатар жергілікті әкімдік енді кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтей алады. Яғни туризм нысандарын салған, жол бойындағы қызметті ұйымдастыру мен сыйымдылығы 8 орыннан асатын жолаушылар автобустарын сатып алған іскерлерге қол ұшын созады. Құжат Президентке қол қоюға жіберілді.