Электрондық еңбек биржасындағы түйіндемелер саны 2,5 есе ұлғайды
Жыл басынан электрондық еңбек биржасындағы түйіндемелердің саны 2,5 есе артқан, деп хабарлайды 24KZ. Яғни 190 мыңнан астам азамат екі қолға бір күрек іздеуге көшкен. Ал бос жұмыс орындарының саны 5%-ке азайған. Бұл тұста бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді. Себебі талапқа бәрі сай емес. Қазір отандық еңбек нарығында қандай мамандар тапшы?
Астанадағы Еңбек мобильдігі орталығына күніне 100-ден астам азамат жүгінеді. Бүгінде мұнда 3,5 мың бос жұмыс орны бар. Жұмыс берушілердің ұсынып отырған орташа жалақы көлемі шамамен 200 мың теңге. Ал орташа табыс, яғни 500 мыңнан басталатын компанияларға орналасу үшін жоғары білімді растайтын құжат, тәжірибе және еңбек өтілінің болуы шарт. Дегенмен орталыққа келгендердің бәрі компаниялардың талаптарына сай келе бермейді.
Сауалнама:
- Мамандығым бастауыш сынып мұғалімі. Бүгін осы орталыққа келіп, жұмысқа қабылданып жатырмын. Қазір қоғамдық жұмыстарға.
- Мамандығым есепші. Жұмыстан босағаныма 2-3 ай болды. Соған байланысты өтінім беріп, осы жерге келіп отырмын «Күміс жас» бағдарламасы арқылы. Жасым 58-де.
- Менің мамандығым оператор. Сол вакансия жөнінде шақырған күйінен операторлық жұмысқа қазір келдім. Айлығы 135 мың деп көрсетілген. Ары қарай қосылатын шығар. Енді одан биік айлық жоқ шығар деп ойлаймын.
Екі қолға бір күрек табуға болады. Яғни азаматтар қоғамдық жұмысқа да орналасып жатады. Оның тиімділігі, жұмысқа орныққан адамның 50% жалақысы бюджеттен төленеді. Ал қалғанын жұмыс берушінің өзі төлейді. Тараптардың келісімшарты осы Еңбек мобильдігі орталығында жасалады.
Жеңіс Ағыбай, медиа-компанияның басшысы:
- Біздің медиа-компанияға оператордың көмекшісі және режиссерлер қажет. Сондай-ақ біліктілікті талап етпейтін жұмысшылар да керек. Көп жағдайда студенттер мен жұмыссыз жастарды қабылдаймыз. Кейде тіпті жоғары білімін растайтын құжаты жоқ азаматтарды да жұмысқа аламыз.
Қазір бірқатар маман сұранысқа ие. Олардың ішінде мұғалімдер, әсіресе математика және орыс тілі пәнінің мұғалімдері тапшы. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтар: электрик, дәнекерлеуші және ағаш ұстасы қажет.
Мейрамгүл Имашева, қалалық Еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы:
- Көбінесе заңгер, есепші мамандықтарына оқуларын тамамдаған азаматтар бізге көмегімізге жүгініп жатады. Олардың арасында жұмыс өтілдері үзіліп қалған, үлкен үзіліс болып қалған немесе мүлде жұмыс жасамаған араларында немесе ЖОО бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс жасамай, біраз уақыт өткеннен кейін мамандықтар бойынша жұмыс іздейді.
Бүгінде электрондық еңбек биржасында 200 мыңға жуық түйіндеме орналастырылған. Ал вакансиялар саны небәрі 100 мыңдай. Бұл тұста жұмыс іздегендердің саны 2 ай бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе артып отыр. Мамандар: «Жыл басындағы мұндай өсім қалыпты жағдай», – дейді.
Мадияр Алдияров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
- Маусымдық феномен деп айтуға болады. Себебі қаңтар айы өтпелі ай болып саналғандықтан, көп маман осы еңбек нарығына оралып, басқа өздерінің жалпы мансаптық траекторияларын қайта қарауға ұмтылады. Мәселен, олардың ішінде қаңтар айында жұмыс жасап жатып, бірақ сол уақытта басқа жұмысқа орналасуға ниет білдірген мамандар да көп.
Жоғары білікті кадрларға сұраныс – қашан да өзекті мәселе. Өткен айда бос жұмыс орындарының дені денсаулық сақтау саласында болған. 11 мыңнан астам медицина қызметкерінің тапшылығы байқалды. Ал білім беру бағытында еңбек биржасына 36 мыңнан аса вакансия жарияланған.
Авторлары: Альмира Оразбай, Қанат Махмудов.