Түркістанның инвестициялық және туристік әлеуеті артады

Түркістанға ерекше мәртебе берілгенде көне шаһардың экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті артады. Бұл сарапшы мамандардың пікірі. Ал қарапайым қала тұрғындарын қандай өзгеріс күтеді? «Түркі әлемінің рухани астанасында» неге баса мән берген дұрыс? Көпшіліктің ойы қандай? 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Түркістанға ерекше мәртебе беріледі дегелі бері, бұл мәселе халық арасында ең көп талқыланып, қала тұрғындарының қызығушылығын арттырғаны рас. Себебі ерекше статус мәртебесін алғаннан кейін көне шаһарда көп өзгеріс болады деп үміттенеді. Жаңа туристік нысандар ашылып, саяхатшылардың саны артады деп есептейді. Қызмет көрсету сапасы жақсарып, мәдени-тарихи ескерткіштер аумағындағы инфрақұрылымдық жұмыстар жүйеленеді. Әсіресе орта және шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысы жүреді. Ел арасында осындай түрлі пікірлер айтылатыны – заңдылық.

Ал сарапшы мамандар құжат заңмен бекітілгеннен кейін Түркістанның экономикасы мен инвестициялық әлеуеті артып, туризмі түрлене түсетініне бек сенімді. Себебі соңғы 3 жылда қаладағы туристік нысандарға 125 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде қонақ үйлердегі орын саны 1400-ге, мейрамханалар мен тамақтану орындағы 3 есеге, ойын-сауық орталықтары 5 есеге артқанын айтады. Құжат аясында туризм саласын дамтыуға тағы 145 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Нәтижесінде қалаға жылына 2 млн-ға дейін турист келмек. Жаңадан қонақ үйлер мен тамақтану орындары ашылады. Мамандар ерекше мәртеге ие болған облыс орталығына инвестиция тартуға ниеттілердің көп екенін айтады.

Гүлмира Әзіретбергенова, экономист-сарапшы:

- Мәрте берілгеннен кейін жеңілдетілген инвестиция тартылады. Өңірдің экономикасы артады. Инвестиция көлемі тағы да көбейеді деген сенімдемін. Сонымен қатар кәсіпкерлердің де саны артады. Онымен бірге туристердің де саны көбейеді. Туристердің жағдайын кім жасайды? Оларға қызмет ететін халық. Халық болғанда осы жергілікті халық. Бұл біздің жергілікті халықтың баюына, экономикалық тұрғыдан көтерілуіне үлкен ықпал береді деп ойлаймын.

Туризмді дамытудың тағы бір жолы – халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру. Қазір өңірде бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөлініп отыр. Бүгінге дейін шахардан Кувейт, Әбу Даби және Стамбұл қалаларына халықаралық әуе рейсі қатынаса, енді Әжірбайжан мен Ресейге ашу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.