Ақтөбедегі Бекқұл баба ауылының халқы жиі жарықсыз қалады

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бекқұл баба ауылының тұрғындары электр жарығының жиі өшетініне шағымданып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жарық сөнген сайын үйлер жылусыз және сусыз қалады. Бұған қоса тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан көптеген тұрмыстық техника істен шыққан. Ауыл халқы бұл мәселенің шешімін талап етіп, тиісті органдардан көмек сұрады.

Гүлжауар Жұмырова Бекқұл баба ауылына 8 жыл бұрын қоныс аударды. Отбасы облыс орталығы іргесіндегі елді мекеннен жер телімін алып, зәулім үй салған. «Алайда енді бой түзеп келе жатқан қоныстың коммуналдық желілерінде ақау көп», – дейді. Электр қуаты жиі өшкендіктен, бос ыдыстың бәрін суға толтыруды әдетке айналдырған. Бірнеше күн бұрын жарық жыпылықтап, кір жуғыш машинасы істен шыққан.

Гүлжауар Жұмырова, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

- Протермді қарасам, суы түсіп кеткен. Соны көтерем, үйтіп-бүйтем дегенше келсем, мына жақта көк түтін болып, сылдырап жатыр темірі деген. Ана жерден тек сөндіріп үлгердім. Үйімді өртеп ала жаздадым, шынымды айтқанда. Жанып кетті. Балаларым алып беріп еді туған күніме.

Жел күшейсе, жарықсыз қалатын тұрғындар бағаналардан да қауіптенеді. Санаулы жыл бұрын салынған бетондар жарылып кеткен. Ауылдың «Жаңа құрылыс» деп аталатын ауданында жарық желілері мынадай бағаналардың бойымен жүріп жатыр.

Сәндібек Бекжанов, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

- Бағаналар жарылды бірталай. Оны да ауыл болып үйтіп-бүйтіп жартысын ауыстырды. Жартысы ауыстырылған жоқ. Жарық әрдайым сөнеді. Жарық сөнсе, бізде су да жоқ.

Электр жарығына жауапты мекеме мамандары ауылдың үстінен өтіп жатқан жеке компанияға тиесілі желіде қаңтар айында бірнеше рет апат болғанын айтады. Соның салдарынан Бекқұл баба ауылында да жарық өшкен.

Әдемі Сайлаубай, электр энергиясымен қамтамасыз етуші серіктестік менеджері:

- Қазақойл ведомстволық электрмен жабдықтау желісінің ажыратылуы тіркелген болатын. Бұл өз кезегінде Бекқұл баба ауылының электр шаруашылығына кері әсерін тигізген болатын. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Бекқұл баба ауылының орталық көшесінде тал бұтақтарын кесу жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып жатыр.

Бекқұл баба ауылы тұрғындары: «Қоғамдық көлік мәселесі де әлі шешімін тапқан жоқ», – дейді. Елді мекенге қатынайтын 49-шы бағыттағы автобус ауыл ішін араламай, жолаушыларды жол бойына түсіріп кетеді. Себебі көшелерге асфальт төселмеген.

Айнұр Есмағамбетова, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

- Екі балам ДЦП, біз қалаға коррекцияға барамыз күнде. Бізге мында инватакси келмейді алыс болғасын. Жол мәселесі болған соң тіпті келмейді. «Трасса қашан болады?», – деп кеше әкімге айтқан едік. Әзірге жоқ. ЖКХ-ға барасыздар. Оның қашан болатынын ешкім білмейді.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі Бекқұл баба ауылының «Жаңа құрылыс» ауданында биыл бірнеше көшеге асфальт төселетіндігін хабарлады. Комуналдық шаруашылық бөлімі тиісті жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Алайда автобус жүретін көшелер ғана жөнделеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.