Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері 3 айдан бері жалақысыз отыр
Түркістан облысында жекеменшік мектептердің мұғалімдері үш айдан бері жалақы ала алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ. Әбден ашынған мектеп мұғалімдері мен директорлары облыстық әкімдік алдына жиналып, жанайқайын жеткізді. Қаржы неліктен төленбеді? Бұған жауаптылар не дейді?
Балшырын Амантаева Түркістандағы жекеменшік мектептердің бірінде қосымша білім беру мамандығы бойынша сабақ береді. Үш айдан бері айлық алмаған келіншек қарызға белшесінен батып, шаңырағынан береке кеткенін айтады.
Балшырын Имантаева, жекеменшік мектептің мұғалімі:
- Күйеуіммен күнге сол айлық үшін жұмыстан шық деген мәселе болып жатыр. Бала-шағамыздың бақшасының да ақшасын төлей алмай отырмыз, шындығына келгенде. Жұмыс істегеннен кейін балалар бар, өзімнің аяғым ауыр. Күте-күте шаршадық айлықты.
Ал жалдамалы пәтерде тұратын алты баланың анасы Анар Әлімбекова бала-шағасына тамақ тауып бере алмай отырғанын айтып ашынды. Үш айдан бері несиесі де төленбеген.
Анар Әлімбекова, биология пәнінің мұғалімі:
- Желтоқсаннан бері айлық алғанымыз жоқ. Көпбалалы аналар бар, жалғысбасты аналар бар, ипотекасын төлей алмай жатқан аналар бар. Ақшасын уақытылы төлемеген соң пәтерді босат деп жатыр. Қазір қыс ауасы, мен қайда барып тұрамын?
Желтоқсан айынан бері жалақыларын күте-күте шаршаған жекеменшік мектеп мұғалімдері мен құрылтайшылары шағымдарын айту үшін облыстық әкімдіктің алдына жиналды.
Үміт Өмірәліқызы, жекеменшік мектептің құрылтайшысы:
- Желтоқсанға бізге 34,5 млн қарыз. 2023 жылдың желтоқсанынан 3 млн қалған. Қаңтар айына алғанымыз жоқ. Қазір мектепке кіруге ұяламыз. Мұғалімдер бетімізге қарағанда не жауап берерімізді білмейміз. Таңның атысы, кештің батысына қарамай жүрген мұғалімдеріміздің айлық алмай жүргені біздің де жанымызға батады. Мемлекеттік мектептердің барлығы қаңтар айының айлығын алып қойды. Олар енді ақпанның айлығын алады. Сонда біз мұғалімдерімізге не деп жауап береміз?
Салтанат Мадалиева, жекеменшік мектептің құрылтайшысы:
- 8 млн несие алып, желтоқсан айының қаржысын төледім. Бірақ мен осы несиені алып-алып, оларға айлық берсем, біз артқа кетеміз ғой. Қаржы орталығынан қаржы сұрасақ, «Әркімге өзіне жергілікті жеріне қаржы аударылады, содан төленеді», – деп айтты. Біз енді осы облыстық әкімдіктен, білім басқармасынан білейін деп келдік.
Өткен жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру Оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығы арқылы жүзеге асқан. Биылдан батсап, қаржыландыру жергілікті атқарушы органға жүктеліпті.
Жандос Махамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда республикалық бюджеттен келіп түсетін қаржының енді қойылуына байланысты жекеменшік мектептерге қаржы аудару жұмыстары сәл кешеуілдеген және желтоқсан айында бірқатар қарыздары болған. Біз қазір тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы 10 күннің көлемінде бұл мәселелерді толығымен шешу бойынша жұмыс жүргізіледі. Желтоқсан айындағы берешек қарыздар қаржы орталығы арқылы төленеді. Ол бойынша біз қаржы орталығымен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Түркістан облысында 147 жекеменшік мектеп бар. Онда 55 мыңға жуық бала білім алады. Жалпы жауапты министрліктің жекеменшік мектептердің алдындағы 2 айлық берешегі 10 млрд теңгеден асады. Ал оған қаржы орталығының өткен жылдың желтоқсан айындағы қарызын қосыңыз. Демек мұғалімдердің әзірге күтуден басқа амалы жоқ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.