«Семей орманы» орман резерватының қызметкерлері жыл басынан бері жалақысыз жүр

«Семей орманы» табиғи орман резерватының қызметкерлері жыл басынан бері жалақы алмаған.

Өңірде екі жыл бұрын болған  алапат өрттен кейін жұмысшы мамандарға үстемақы төленетіні айтылған еді. Бірақ орманшылар одан әлі күнге дейін қағылып отыр. 100 мың теңгеге жетпейтін жалақыға жұмыс істеп жүрген өрт сөндіруші, тракторшылар мен көлік жүргізушілері қарызға белшеден батқан.

«Жаңасемей» орман шаруашылығының жұмысшылары биыл жалақы алған жоқ. Мұндай жағдай табиғи орман резерватына қарасты басқа да шаруашылықтарда бар. Жаңа жылдан бері жалақының кешіккені былай тұрсын, жұрт әлі былтырғы үстемақыларын да алмаған.

Нұртен Шәмшудинов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:

- Біз 500 мың еңбекақы төле деп сұрап отырған жоқпыз. Өзімізге тиесіліні берсін деп отырмыз уақытында. Осы күнге дейін уәде беріп келеді. Бірақ ештеңе орындалмайды.

Раушан Халитова, еден жуушы:

- Бізге айтқан январьдан 100 процент аласыңдар деп. 300 мыңдай төленген жоқ қой. Кімге 60, кімге 52 мың қарыз болып қалып отыр.

Семейде екі жыл бұрын болған алапат өрттен кейін мемлекет басшысы  орманшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы арнайы тапсырма берген еді. Бірақ қазір 90-100 мың теңгеге жұмыс істеп жүргендер көп. Осы күнге дейін «Семей орманы» резерватының басшылығы еңбек адамдарын бос уәдемен, сабырға шақырып келді, дейді мұндағы жұмысшылар.

Шалқар Жолдыбайұлы, көлік жүргізуші:

-90 мыңға кім өмір сүре алады. Келген бетте 80 процентке көтереміз деді надбавканы. Ол да жоқ. Сегізінші ай кетті мен жұмыс істегелі. Бала-шағаң бар. Анау бар, мынау бар. Оқуың бар. Кредит бар.

Қазір «Семей орманы» 500-ге жуық адамға жалақы беруі тиіс. Мекеме басшылығы мәселені қысқа уақыт аралығында шешеміз деп сендірді.

Мақсат Елемесов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Біздің салық бойынша қарызымыз болғандықтан есепшотымыз бұғатталды. Қазір мәселені комитетпен талқылап жатырмыз. Шот наурыз айында ашылуы тиіс. Ал осы аптаның соңына дейін қаңтардың берешегін толық өтейміз. Келесі аптада ақпан айына тиесілі жалақыны береміз деп жоспарлап отырмыз.

Орманшыларға белгіленген  85 пайыз үстемақы мекеме бюджетінде артық қаржы болған жағдайда ғана беріледі. Былтырдан бері жалақыларына қол жеткізе алмай жүрген жұрт бұл ақшадан үмітін үзген. Енді тек еңбекақымызды уақытылы алсақ дейді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов