Жол ережесін жиі бұзатындарға жазаны күшейту ұсынылды

Жол ережесін жиі бұзатындарға жазаны күшейту керек.

Айыппұл төлеу кезіндегі 50% жеңілдікті де алып тастау қажет. Сенатор Марат Қожаев осылай деп, үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутат айыппұл салғанмен ережені қайта бұзу жайттары анықталып жатқанын айтады. Себебі  соңғы кезде жол ережесін бұзу деректері көбейген. Мәселе әсіресе Алматыда өткір тұр. Былтыр онда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 миллионнан астам дерегі тіркелді. Оның 3,7 миллионы автоматтандырылған техникалық құралдар арқылы анықталған. Тіпті бір адам 143 рет заңды белшесінен басқан. Қалтасы қалыңдар айыппұлын төлей салып, күре жолда тайраңдап жүр. Сондықтан, мұндай заңсыздыққа тоқтау болу керек, дейді. Қажет болса жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.

Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әсіресе техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. Камералар тіркеген жол қозғалысы ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет.  Яғни жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін жазалануы керек. Заң талабын бұзатындарға белгілі бір кезеңдегі тәртіп бұзу санын ескеретін сараланған жаза тетігін әзірлеу және ережені жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау маңызды.