Ұлытау облысындағы республикалық жолдарда ұялы байланыс жоқ
Осындай боран, желді күндер, әсіресе, жолушыларға қиын. Далада қалсаң, көмек шақыру қиын. Жезқазғанды өзге өңірлермен жалғайтын республикалық маңызға ие күре жолдарда мобильді байланыс жоқ, деп хабарлайды 24kz.
Мәселені біздің тілшілер осыған дейін бірнеше рет көтерген еді.
Әкімдік «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында «Жезқазған – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды», «Жезқазған – Арқалық» тасжолы бойына діңгек-антенна орнатамыз деген. Бірақ сол жұмыстар кешеуілдеп жатыр.
Республиканың кіндігінда орналасқан Ұлытау өңірі 6 облыспен шектеседі. Мұндағы республикалық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымға жуық. «Жезқазған – Қарағанды» тасжолында ұялы байланыс бір тұста ұстаса, бір тұста ұстамайды. Ал, Арқалық пен Қызылорда бағытында мүлде жоқ.
Блиц 1:
- 280-300 шақырымда байланыс жоқ. Қиын, әрине. Жолда бірдеңе боп қалса, хабарласа алмаймыз.
Блиц 2:
- Қызылордадан Жезқазғанға дейін жолда ешқандай жанармай бекеттері жоқ. 300 километрде байланыс ұстамайды. Жолда негізі қыс мезгілінде жүру өте қиын. Сол себепті жолға шыққан адамдарға: абай болыңыздар, жанармайларыңызды толтырып жүріңіздер деп айтам.
Блиц 3:
- Осы жолмен қатынап жүргенімізге біраз болды. Байланыс нашар. Интернет жоқ. Байланыс болмаса, интернет қайдан болады? Соны істеп берсе. Өйткені қаншама халық жолда қалады.
Мәселе «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шешіледі. Үкімет 2027 жылға дейін 650 шақырымнан астам жолға ұялы байланыс пен интернет тартып беруге дайын. Ол үшін күрежолдардың бойына 15 діңгек-антенна орнатылады. Оның сметалық жобасын жергілікті әкімдіктер әзірлеуі тиіс. Дегенмен, ол жұмыстар мерзімінен кешеуілдеп жатыр. Қолда бар мүмкіндікті уақытылы пайдалана алмаған жауаптылар тәртіптік жазаға да тартылған.
Аян Абжамалов, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары:
- Ұлытау ауданы бойынша байланыс діңгегін орнату бойынша жұмыстың кешігу себебі – уақытылы бюджеттік өтінім жіберілмеуіне байланысты. Осы себепті жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жұмыс жалғасуда.
Әзірге 15 діңгектің тек 7-еуінің ғана құжаттары жасалды. Жоба құны 1 млрд теңгеге жуық. Сәтін салса, бірер жылдың ішінде Қарағанды мен Арқалыққа баратын жол бойына байланыс тартылады. Ал, Қызылорда бағытында шешілмеген мәселе бар. Екі ортада электр желісінің жоқтығына байланысты құжаттарды әзірлеу жұмыстары тоқтап тұр.
Аружан Сәтбекова, Цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы:
- Бізге қазіргі таңда министрлік тарапынан күн панельдерін орнату ұсынысы келді. Дегенмен, бұл ұсынысты операторлар қабылдамайды. Себебі, күн панельдерін республикалық маңызы бар трассаларға қою әлі практикада болмаған. Біз оның сапасы жөнінде сенімді бола алмаймыз.
Байланыс антенналарын жабдықтау үшін жүздеген шақырым электр желісін тарту өте қымбатқа түседі. Сондықтан цифрлық технологиялар басқармасы өзге де жолдарын қарастыруда. «Биыл «Жезқазған – Қызылорда» күре жолын жаңғырту жұмыстары басталады. Жол бойына салынатын түрлі қызмет көрсету орындары электр қуатын берсе, мәселе шешіледі», - дейді мамандар. Қазір жол құрылысына жауапты компаниямен келіссөз жүріп жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев