Риддер маңындағы ауылдың 2000 тұрғыны суды тасып ішеді
Риддер қаласының іргесіндегі бірнеше ауылдың тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды 24KZ. Өйткені елді мекендерге орталық ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Кезінде әрбір көшеге орнатылған су бағандарының біразы істен шықса, енді бірі қақаған қыста қатып жатыр.
Кенді шаҺар шетіндегі елді мекендерде екі мыңнан аса адам тұрады. Олардың бас ауыртар басты проблемасы – ауызсу. Себебі тұрғындар тіршілік нәрін көшедегі колонкалардан тасып ішеді. «Кейде оның өзінен су ақпай қалады», – дейді Зинаида Гундаева.
Зинаида Гундаева, Риддер қаласының тұрғыны:
- Міне, қазір су жоқ. Енді қар ерітіп тұтынамыз. Құдықтан су шығып қалар, дегенмен ол таза емес. Сондықтан дүкеннен сатып аламыз. Әкімдіктегілер арғы жаққа су тартқан. Бізге жүргізбейді деді.
Елді мекендегі ескі ұңғыманың енді бірінде тіршілік нәрі тәулік бойы тоқтаусыз ағып жатады. Жергілікті әкімдіктегілер: «Мұндай ысырапшылдықты тоқтатып, биыл Бутаково ауылы мен Гавань ықшамауданына құбыр тартып береміз», – дейді.
Қаныбек Төлеухан, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
- Гавань районында бізде осы жылға біз құрылыс жұмыстарын бастайық па деген ойдамыз. Ол жерге қаражат бөлінген. 106 млн көлемінде.
Өзекті мәселеге қатысты сала жауаптыларының жоспары ауқымды. Осы жылы олар облыстың ауызсумен қамту көрсеткішін 100%-ке жеткізбек.
Рауан Тұрысбек, облыстық энергетика және ТҮКШ басшысының орынбасары:
- Биылға 4 су құбырының құрылысын жүргізу қалып отыр. Ол елді мекендердегі тұрғындар құдықтың суын пайдаланады. Осы жылы қаражат бөлініп аталған бағытта жұмыстар жүргізіледі.
Бұл салаға биыл 8 млрд теңге қарастырылған. Ауызсу жүйесін тарту жұмыстары жазықтағы елді мекендер мен қатар таулы аймақтағы ауылдарда да жүргізіледі.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.