Тасқыннан кейін атбасарлықтарға берілген жаңа үйлер сапасыз болып шықты
Атбасар қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар берілген жаңа баспаналарына қоныстана алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ. Өйткені жаңа пәтерлердің қабырғалары сөгіліп, терезе жақтаулары көгеріп кеткен. Жылуы да мардымсыз. Мұны тұрғындар баспана кілтін алғаннан кейін білді. Жергілікті билік өкілдері олқылықтарды жоққа шығармайды. Олар кеткен кемшіліктерді түзейміз деп сендірді.
Атбасар қаласындағы 45 пәтерлі мына тұрғын үй өткен жылдың соңында пайдалануға берілді. Оған былтырғы тасқыннан зардап шеккен тұрғындар қоныстануы тиіс еді. Бірақ жаңа үйдің сапасы сын көтермейді
Қазір тұрғын үйдегі әрбір екенші пәтердегі жағдай осындай. Қабырлар жарылып, көгеріп кеткен. Сол себепті тұрғындар көшуге қауіптеніп отыр. Мәселен, 45 пәтерлі түрғын үйдің тек 15-сіне ғана адамдар қоныстанған.
Айтқали Темірбеков жаңа пәтерге алғашқылардың бірі болып көшкен. Бас кезінде бәрі жақсы болғанын айтады. Бірақ күн күрт суығында осы ақаулар пайда болған. Ең алдымен терезе жақтаулары көгеріп, кейін қабырғалар сөгілген. Олқылықты өзі реттуге талпынғанымен, онысынан түк шықпапты.
Айтқали Темірбеков, Атбасар қаласының тұрғыны:
- Мен қабырғаларды ақтап, үйдің ішін қайта сылап шықтым. Бірақ одан пайда болмады. Міне, барлығы қайта көгеріп шыға келді. Енді қабырғалар жарыла бастады.
Ал тұрғындар ақаулардың шығу себебін жылудың жеткіліксіздігімен байланыстырады. Өйткені пәтерлер салқын, беріліп жатқан жылу мардымсыз. Терезе жақтауларынан жел гулеп тұр.
Ермек Көшебаев, Атбасар қаласының тұрғыны:
- Ең бірінші ақау, үйде жылу жоқ. Котельныйдан жылу келіп тұр. Бірақ үйдің ішінде жылудың циркуляциясы жоқ. Сол жылудың болмауының себебінен осындай көк пайда болып жатыр. Анау терезелерден жел, суық соғады.
45 пәтерлі бұл баспана бір жылдың ішінде бой көтерген. Оған ел қазынасынан 700 млн теңге бөлініпті. Қазір тұрғындардың мәселесін жергілікті билік өкілдері бақылауға алды.
Кенеш Әлімжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- Мердігерлермен сөйлесіп, жақын арада олқылықтарды ретке келтіреміз. Біз барлық мәселені барып, көзімізбен көрдік. Үй кепілдікте болғасын мердігерлер бәрі қалыпқа келтіруге міндетті. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Мердігер ұйым барлық кемшіліктерді жою мақсатында қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Жауаптылар жақын арада жылумен қамту мәселесі де шешілетіндігіне сендірді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.