Қазақстанда халықтың 98,9%-і ауызсумен қамтылған

Ел тұрғындарының 98,9%-і ауызсумен қамтылған. Былтыр республикада бірқатар ауқымды жоба іске асты. Нәтижесінде ауылдар мен елді мекендер, сондай-ақ қала тұрғындары тіршілік нәрімен қамтылды. «Бірақ мамандар мұнымен тоқтап қалмаймыз», – дейді. Көздеген межеге жету үшін тағы 20-дан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 

Шығыс Қазақстан облысында ауыз су мәселесі  өзекті. Елді мекендердің тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін көшедегі су алу қондырғысынан тұтынып отыр. Биыл аймаққа қарасты ауылдарға орталықтандырылған су құбыры жүргізілмек. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Рауан Тұрысбеков, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыста 4 елді мекенге су құбыры тартылады. Аталған ауылдардың тұрғындары суды үйлерінің жанынан қазылған құдықтан ішіп отыр. Биыл осы жобаны қаржыландыру мәселесі шешілді. Жобаға шамамен 8 миллиард теңге инвестиция тартылады.

Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін тиісті шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз. Бұған дейін Мемлекет басшысы осылай деп, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Соңғы жылдары салада бірқатар жетістік бар. Былтыр елде 3100 шақырым сумен жабдықтау желісі салынды. Осылайша ел халқының 98,9%-і ауызсумен қамтылды. Ал тіршілік нәрінің сапасы жіті тексерілді.

2022 жылы – 95,6%

2023 жылы – 97,8%

2024 жылы  - 98,9% – Қала тұрғындары – 99,4%  и Ауыл тұрғындары – 97,8%

Бұлан Тұрлыбеков, ҚР СРИМ комитеті топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы:

- 2024 жылы ауызсудың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету үшін 241 су құбыры тексерілді. Оның 209-ы ауылдық жерде, 24-і қалаларда, 8–і топтық су құбыры бойынша. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Мекеме еліміздегі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарын игеру және пайдалану үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүзеге асырады.

 

49 елді мекен сумен қамтылды

Былтыр елдің 6 өңірінде, атап айтсақ, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жоба сәтті жүзеге асты. Ол 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекенді сумен қамтуға мүмкіндік берді.

Ал биылдан бастап осы және өзге де аймақтарда тағы 23 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қазір жауапты министрлік тұрмыстық жағдайда қажетті ресурсты үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулықты бекіткен.

Бұлан Тұрлыбеков, ҚР СРИМ комитеті топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы:

- Тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық бекітілді. Құжаттамаға сәйкес крандардағы ақауды уақытылы жою, аэрациялық кранды пайдалану және тағы басқа шараларды қамтиды. Су шаруашылығы инфрақұрылымын толық жаңғырту, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, суды есепке алу жүйесін цифрландыру, халық пен кәсіпорындар арасында суды үнемдеу мәдениетін дамыту Қазақстан халқын жоғары сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда екені белгілі. Онсыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнуі мүмкін. Бірақ оның шектеулі ресурс екенін де ұмытпаған абзал.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов.