Алматы энергетиктері 4 миллион адамға қызмет көрсетеді
Тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты әрі үздіксіз жеткізу – алматылық энергетиктердің басты міндеті. «Самұрық Энерго» холдингіне қарасты «Алатау Жарық Компаниясы» Алматы қаласы мен облысының халқына қызмет көрсетеді. Компания өндіріс үдерісіне заманауи технологияларды енгізумен қатар өз қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарта түсті.
Соңғы жылдары Алматы агломерациясының халқы қарқынды өсіп келеді. Жаңа өндірістік нысандар мен тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатыр. Соған орай электр энергиясын тұтыну көлемі де ұлғая түскен. Электр монтаждаушы Надежда Шаталова – «Алатау Жарық» компаниясындағы ең тәжірибелі қызметкердің бірі. Ол бұл ұжымда 1995 жылдан бері жұмыс істейді.
Надежда Шаталова, қосалқы станцияның электр монтаждаушы:
- Кез келген жұмыстың өз қиындығы болады. Шаруаның барлығын тиянақты орындауға тырысамыз. Бойымыз үйренді. Біз үшін қалыпты. Мамандығымды жақсы көргендіктен бұл салада 30 жыл бойы еңбек етіп келемін.
«Алатау Жарық Компаниясы» – еліміздегі ең ірі электр желісі операторы. Мыңдаған шақырымдық электр желісі, жүздеген трансформаторлық қосалқы станция мен басқа да инфрақұрылымдық нысандар жұмыс істейді. Осының барлығы 4 миллион халқы бар өңірдің экономикалық тұрғыдан тұрақты болуына әсер етеді.
Әйгерім Әлжанова, қосалқы станциялар басқармасы басшысының орынбасары:
- Халыққа осы үздіксіз жарық беру үшін біздің энергетика саласында жүрген ер азаматтар да, әйел азаматтар да ауа райының қолайсыздығына қарамай, күн демей, түн демей қызмет атқарып келеді. Әйел адамдар менің өзім қосалқы станция басқармасында 15 жылға жуық қызмет атқарып келе жатырмын. Енді айтады ғой қызығы да, шыжығы да бірге жүреді деп, біз әйел адамдар отбасымызды бірге алып жүрміз.
Энергетика маманына жүктелетін жауапкершілік жоғары. Олардан құрылғылардың қалыпты жұмыс істеуін тексерумен қатар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талап етіледі. Сондықтан «Алатау Жарық Компаниясының» басшылығы өз қызметкерлерінің еңбек жағдайына баса назар аударады.
Авторлары: Алмас Сәдуақас, Кенже Амраев.