Қызылордада бірқатар ірі өндірістік жоба жүзеге асады

Қызылордада биыл жаңа жылу электр орталығы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Бұдан бөлек, аймақта бірқатар өндіріс орны ашылады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары өңірдегі ірі жобалардың аяқалысын бағамдап, қаржыландыру мәселелерін талқылады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Қорқыт ата» әуежайында үш ай бұрын ғана пайдалануға берілген терминалдың жұмысымен танысты. Ал одан әрі жолаушылар вагонын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауытында болды. Екі кезең бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба 15 миллиардтан астам теңгеге бағаланған. Қазір жылына 180 вагон жөндейтін депоның құрылысы аяқталды. Одан қалды жылына 40 вагон құрастыратын зауыт салу жоспарланып отыр. «Бұл нысанды аяқтау үшін өнеркәсіпті дамыту қорынан 8 миллиард теңге алынады», – деді мамандар.

Роман Скляр «Өндіріс» индустриялық аймағында бой көтеріп жатқан кірпіш зауытына да барды. Мұнда жылына 90 миллион кірпіш шығарылмақ. Ал шыны зауыты жылына 197 мың тонна өнім өндіріп, шетелдерге экспорттап келеді. Бірінші вице-премьерге кәсіпорын басшысы алдағы жоспарлары туралы баяндады. Келер жылдан бастап бұл жерде кварц құмы өңделіп, фотоэлектрлік шыны өндіру желісі іске қосылмақ. Аймақтағы ірі жобалардың тағы бірі – 240 мегаваттық жылу-электр орталығының құрылысы. Мамандардың айтуынша, энергетикалық тұрғыдан маңызды нысан биыл іске қосылады. 

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Қызылордада шағын өнеркәсіп аймақтарын құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Бұл халықты жұмыспен қамту мен шағын және орта бизнес субъектілері үшін жақсы инфрақұрылымдық қолдау болады. Облыстың қолда бар әлеуеті өте маңызды. Сондықтан өсу динамикасын сақтау қажет.

Роман Скляр Қызылорданың сол жағалауындағы жаңа автовокзал, жайлы мектеп пен шағын өнеркәсіптік аймақтың да жұмысын бағамдап, 10 мың көрерменге арналған стадионның құрылысымен танысты. Облыс орталығында тұрғын үй құрылысының көлемі де артқан. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.