Жасанды интеллект технологияларын қолдану заңмен реттелу керек — депутат
Журналистикада жасанды интеллект технологияларын қолдану заңмен реттелу керек. Бұл туралы Сенат депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай алқалы жиын барысында айтты.
Шараға елдегі жетекші медиа өкілдері қатысты. Жасанды интеллект деректерді іздеуде, оны сұрыптауда журналистердің жұмысын жеңілдетіп отырғаны рас. Алайда жалған ақпаратты тарату, дереккөзін ұсынбау жиі кездеседі. Ең бастысы авторлық құқық мәселесі туындайды. «Сондықтан мұны заң тұрғысында реттеу қажет», – дейді мамандар. Жиынға қатысушылар жасанды интеллектінің қазақ медиа кеңістігіне ықпалынан бөлек, журналистиканың жаңа форматтары, цифрлық медиадағы, трендтер мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы:
- Бізде жасанды интеллектіге қатысты ешқандай құжат жоқ. Оны қалай пайдаланамыз, авторлық құқық кімдікі болады деген сияқты. Осыған байланысты бір заң қабылдау керек шығар. Ал қазір заң жоқ кезде журналистердің өзінің редакциялық саясаты болу керек. Сол редакциялық саясатында жасанды интеллектіні қалай қолданамыз деген арнайы баптар енгізу қажет деген мәселені біз күн тәртібіне шығарып отырмыз.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті:
- Заңмен, әрине, бірінші кезекте ретелуі керек. Өйткені бұл заман талабы. Жаңа технологиялардың жаңа қауіп-қатер мен мүмкіндіктер ашып отырғаны рас. Сондықтан мұның барлығы заң шеңберінде реттелуі керек деп ойлаймын. Болашақта осы бағытта бірлесе жұмыс істейміз деп ойлаймын.