Атырау облысында екі жылда 12 медициналық нысан салынады

Атырау облысында биыл  бірнеше медициналық нысан халық игілігіне тапсырылады.

Облыс орталығында 1 ауысымда 250 адамды қабылдайтын 2 емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы  және Алмалы ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Мысалы,  жедел жәрдем қызметі 1978 жылы салынған ескі ғимаратта отыр. Нысанның тозығы жеткен, тиісті талапқа сай емес. Сондықтан орнына жаңасы салынуда.  Жалпы, өңірде   2025-2027 жылдары 12 жаңа емдеу мекемесін салу жоспары бар.

Облыстық жедел жәрдем станцияда күндіз-түні осындай қарбалас.   Атырау қаласы мен 7 ауданнан түсетін шақыртулар осы орталық арқылы жедел жәрдем бригадаларына жіберіледі. Мұнда тәулігіне 25-30 бригада кезекшілікке шығады.

Гүлнәфис Рахметова, жедел жәрдем станциясының  аға диспетчері:

- Тәулігіне 800-1000-ға дейін шақырту түседі. Қазіргі таңда 270 шақырту, түсіп жатқаны. Жүріп жатқан бригада 26 болғанымен кейде шақырту көбейген кезде пиктік бригадалар ұйымдастырылады. Ол 30-ға дейін баруы мүмкін. Шақырту санына байланысты.

Алайда осыдан 45 жыл бұрын тұрғызылған ғимарат талапқа сай емес. Қанша күтіп ұстағанымен қабырғалары жарылып, іргетастары мүжіліп, отыра бастаған. Сондай-ақ ауласы да тар. Жедел жәрдем көліктеріне кіріп-шығудың өзі қиын.  Стансаның мұнда орын тепкеніңне биыл 25 жыл болыпты.

Азамат Ерболов, облыстық жедел медициналық станциясының директоры:

- 2000 жылдан бері Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы болып саналады. Оған дейін бұл морг болған. Бұл ескі ғимарат біз жылда осы өзіміздің қол күшіміз келгенше өз күшімізбен жөндеп ұстап отырмыз. Жаңа ғимарат салынса біздің медициналық сапамыз жоғарылай бастайтынына сенімдімін.

Осыған орай жергілікті билік жедел жәрдем станциясына арнап жаңа кешен салып жатыр. Келесі жылдың аяғында пайдалаунға беріледі. Жалпы Атырауда өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған 8 емдеу мекемесі бар. Олар кезең-кезеңімен жаңасына алмастырылатын болады,- дейді денсаулық сақтау басқармасының басшылығы.

Жақсылық Жанұзақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс орталығындағы тозығы жеткен нысандарды алмастыру мақсатында облыстық онкологиялық дипсансері және психикалық денсаулық сақтау орталығы құрылысытарының ЖСҚ өткен жылдан жасақталып келе жатыр. Биыл жобалау жұмыстары аяқталып сараптаманың оң қортындысы болса, құрылыс жұмыстарын бастаймыз деген жоспарымыз бар.

2025-2027 жылдары Атырау  облыстық ауруханасының ескі ғимараттының орнына жаңа ғимарат, жаңа облыстық перинаталдық орталығы, Атырау қаласынан 200 орындық ересектер және балаларға арналған оңалту орталығы секілді 12 жаңа емдеу орны салынады.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин