Петропавлда есту қабілеті нашар хореограф балаларға би үйретеді
Петропавлда есту қабілеті нашар хореограф мектеп жасына дейінгі балаларға би үйретеді.
Зарина Нәкенова бүгінде бүлдіршіндердің бойындағы қабілетін шыңдап, талантын ашып жүр. Музыканы есту құрылғысы арқылы еститін биші шығармашылыққа кедергі жоғын дәлелдеп келеді.
Зарина балалық шағынан би мен музыкаға әуес. Есту қабілетінен айырылса да арманынан алыстамаған ол жоғары білім алып, балаларға би үйретіп жүр. Өмірге құлшынысы мен ынтасы бар адамның қолынан бәрі келеді, - дейді тағдырдың сынағына сынбаған Зарина.
Зарина Нәкенова, хореограф:
- Балалармен жұмыс істеудің өзі бақыт. Олар мені осы қалпымда қабылдай алады. Әрі кейде түсінбей қалғанымды да біліп отырады. Бүлдіршіндердің кіршіксіз көңілі мені қанаттандырады.
Балабақша тәрбиеленушілері де Заринаның сабағын асыға күтеді. Мейірімді жан бүлдіршіндердің көңілін тауып, әркез қолдау көрсетуге дайын. Ұжымда да абыройлы.
Айгүл Ахметова, балабақша меңгерушісі:
- Зарина көпшіл адам. Ұжымдық жұмыстарда белсенді әрі жауапкершілігі мол. Балалар да оны жақсы көреді. Қазір балабақшада мүгедектігі бар 4 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Олардың біреуі тәрбиешінің көмекшісі. Қалғаны 2022 жылы қабылданған.
Зарина Нәкенова балаларға би үйретіп ғана қоймай, олардың бойына қайсарлықтың да дәнін егіп жүр. Кез келген қиындықты жеңу үшін өмірге деген құлшыныс керек екенін үнемі айтады. Қазір балалар көктем мерекесіне арналған концерттік бағдарламаға әзірленіп жатыр.
Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков