Ауған соғысының ардагерлері бейбіт күннің қадірін білуге шақырды
Биыл кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толады.
Осыған орай Түркістандағы Жеңіс саябағында «Ерлікке тағзым» атты патриоттық шара өтті.
Қан майданнан аман оралған ардагерлер жат жерде ажал құшқан қаруластарын еске алып, естеліктерімен бөлісті. Бүгінгі бейбіт күннің қадіріне жетіп, бостандықтың бағасын білуге шақырды. Одан кейін мазмұнды кеш "Фараб" кітапханасында жалғасты. Ардагерлер назарына отты жылдар туралы деректі фильм ұсынылды. 1979 жылы басталып 10 жылға созылған соғысқа елден 22 мыңнан астам сарбаз қатысты. Оның ішінде мыңға жуығы майдан даласында мерт болды. 19 адам із-түссіз кетті. Осы жылдары Түркістан облысынан 1200-ден астам жауынгер ауған жерінде азаматтық борышын өтеді.
Тұрғанбек Бегімов, облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Соғыстың зардабы әлі күнге дейін әр азаматтың есінде. Жас балаларын 18-20 жасында соғысқа аттандырып, солардың аман-есен келуін қайғырған аталарымыз, әкелеріміз, аналарымыз. Енді қазір егеменді елміз. Біздің елімізде тыныштық болуы керек. Әскеріміз мықты болуы керек. Жастар ел алдындағыв борышын өтесе, білімді-білікті үлкен мемлекеттермен тереземіз тең, бай-қуатты мемлекет болсақ деген ойдамыз.