Шығыстың шекара аймағындағы аудандарға заманауи құтқару техникасы берілді
Шығыс Қазақстанда шекара аймағындағы аудандар заманауи құтқару техникаларымен қамтылды.
Мәселен Зайсандағы құтқарушыларға джип және жол талғамайтын екі өрт сөндіру көлігі табысталды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшатын аппараттар да берілді. Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының айтуынша, бұл техникалар өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай жедел әрекет етуіне де сеп болмақ. Ауданның жер бедері күрделі, оның үстіне елді мекендер арасы тым алшақ. Ал соңғы үлгідегі автомобильдер діттеген жерге тез апарады. Тарбағатайлық құтқарушылар да омбы қар мен ми батпақты елемейтін арнайы техникаға қол жеткізді.
Исхар Савазов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Жалпы екі өлкенің да климаттық жағдайы күрделі. Тарбағатайға ТГ-30 көлігін бердік,ол ми батпақты елмей 2 мың шақырымды еңсере алады. Жанармай қоры да мол. Қазір шалғайдағы бөлімшелерде техникалардың біршамасы ескірген. Сондықтан біз мінеки соларды жаңа заманауи көліктермен алмастырдық. Болашақта Алтай, Шемонайха сынды таулы аудандардан бастап барлық шалғайдағы бөлімшелердің автопаркін жаңартамыз.