Қорғаныс министрі Қарағанды облысының әскери бөлімдерін аралады

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Нұркен Әбдіров атындағы авиабазада жойғыш ұшақ ұшқыштарын даярлауға арналған жаңғыртылған тренажер кешенімен танысты.

Ведомство басшысы байланыс батальоны мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына да барды. Оған қоса, Талғат Бигелдинов атындағы "Жас Ұлан" мамандандырылған мектебінің оқытушыларымен кездесу өткізіп, әскери бөлімдегі Даңқ аллеясына гүл шоқтарын қойды. Ал мерзімді қызметтегі сарбаздардың біріне міндетін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін Руслан Жақсылықов он күндік демалыс беруді тапсырды.  Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беріп, жалпыәскери жарғылар бойынша өз білімін көрсетті. Министр тәрбие және идеологиялық жұмыстарға ерекше назар аударды. Сондай-ақ Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өту күн тәртібіндегі маңызды шаралардың бірі екенін еске салды.

Мақсұт Гусейнов, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

- Қорғаныс министрі Қарағанды өңірінің әскери бөлімдерін аралау барысында жыл басында қойған тапсырмаларын нақтылап, басты бағыттарға аса көңіл аударды. Сонымен қатар өңірдегі республика әскери мектептің инфрастуктурасын заманауи дамуына байланысты нақты тапсырмалар қойды.