Жұмысшы мамандықтар фестивалі аясында 250 меморандумға қол қойылды
Елордада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аяқталды. 5 күнге созылған іс-шара аясында білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар 250 меморандумға қол қойды.
«Бұл студенттердің тәжірибеден өтіп, кейін таңдаған саласы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен 40 шақты колледж қатысты. Көпшілікке 200-ден аса мамандық таныстырылды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осындай форумдар әр өңірде жалғасын табатынын айтты. Ал қыркүйекте Ақтауда түркітілдес елдердің жұмысшы мамандары бас қосатын Turkісkills чемпионаты ұйымдастырылады.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Қазіргі таңда 518 ірі кәсіпорындар біздің колледждерге көмек көрсетуде. Біз осы жылдың соңына дейін осы санды 4000-ға дейін жеткізуге міндеттеме алып отырмыз.