Тараздық зағип жан 1800-ге жуық кітап басып шығарды

Таразда Брайль қарпімен 1800 кітаптың жарық көруіне мұрындық болған зағип жан тұрады, деп хабарлайды 24kz

Ербол Бегімов облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында жұмыс істейді. Көркем әдебиетті шығарумен қоса мүмкіндігі шектеулі жардарға компьютерде жұмыс істеп, ұялы телефонды пайдалануды үйретіп жүр. 

Мерей Бает, тілші:

- Ербол Бегімов 30 жасында глаукома дертіне шалдығып, көру қабілетінен айырылған. Тағдыр сынына тап болған ол басында қолдан келер түрлі жұмысты істеп көреді. Кейін зағиптарға арналған кітапханаға келіп Брайль қарпін таниды. 2008 жылы 44 жасында кітапханаға орналасып, тифлокешенде, яғни, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы компьютерде жұмыс істеуді меңгереді. Содан бері 1800-ге жуық еңбекті басып шығарды. 

Ербол Бегімов, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметішісі:

- Басында жайпақ баспалы мәтіндегі кітапты әр парағын сканерден өткізіп, сөйтіп, маған бір папкаға жинап береді Word нұсқасында. Соны сканермен өткізгенде файнридер деген бағдарлама ол жерде қазақ әріптерін жөнді жаза алмайды. Қ-к болып кетеді, ғ-г болып кетеді. Соның бәрін жөндеп, дұрыстап отыратынмын. Қазір енді электронды нұсқа мынау интернеттен дайын мәтінді аламыз. Оның қателері аз. 

Ербол 17 жылдан бері кітапхана саласында жұмыс істеп келеді. Ол аймақтағы Брайль баспасының негізін қалаушы. Көрнекті ақын-жазушылар мен қоса аймақтағы жас ақындардың да шығармаларын Брайль жүйесіне аударып, оқырманға ұсынып жүр. Тіпті білім жүйесінде қолданылатын оқулықтарды да әзірлеген. 

Толқын Күзенова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары:

- Көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларды тәрбиелеп отырған интернатта да осы кісінің қолынан басып шығарылған кітаптар беріліп отырады. Бұл кісінің ең алғашқы шығарған кітабы оқулықтар. Дүниетану болсын қазақ тілі болсын әдебиет болсын оқулықтарды осы Ербол Аққайұлы өзінің қолымен басып шығарған. Ол кезде білесіздер, арнайы құрылғылар да болған жоқ. Демек, оның бәрін сол инемен, өзінің қолымен, басып шығарып сол оқулықтарды берген болатын. 

Кітапханашы 40-тан аса зағип жанға Брайль қарпін танытқан. 50-ге жуық оқушыға компьютерде жұмыс істеп, ұялы телефонды қолдануды үйретті. Бүгінде олар қоғамнан назарынан тыс қалмай, маман ретінде жұмыс істеп жүр. 

Мария Нисонова, Меркі ауданының тұрғыны:

- Мен сияқты кітапханада жұмыс істейтін болмаса, басқа жерде жұмыс істейтін адамдар үшін компьютер үлкен мүмкіндік ашады. Өзіміздің толтыратын құжаттарымызды. Өзіміздің жазатын есептерімізді біз бәрін өзіміз жасап белгілі бір папкаға арнап, көзі көретін адамдармен бір деңгейде сол құжаттарды көрсете аламыз. Яғни, өзіміздің шектеуімізді өзіміз алып тастаймыз. Ербол аға бізге осындай мүмкіндік беріп жатыр.

Аймақта мүгедектігі бар оқырмандар саны жыл санап артып келеді. Бүгінде 300-ге жуық тұрғын тұрақты оқырманға айналған. Облыстық кітапханада оларға жайпақ бетті, аудио, Брайль, гарфикалық және тактильді форматтағы оқулықтарды оқуға мүмкіндік жасалған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә