Шымкентте көпбалалы ана ерекше кәсіп бастады
Жұлдыз Бураева гипстен сәнді бұйымдар жасайды. Хош иісті майшам мен сабынның түр-түрін шығарады. Жас келіншек мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Жұлдыз Бураева информатика пәнінің мұғалімі. Бала күтіміне байланысты үйде отыр. Декреттік демалысын тиімді пайдаланып, интернеттен гипстен бұйым жасау өнерін үйренген. Қызығушылығы артып, арнайы шеберден сабақ та алған. Кәсіптің қыр-сырына қаныққан келіншек өз брендін қалыптастыруға бел байлап, қайтарымсыз грант конкурсына қатысқан.
Жұлдыз Бураева, жас кәсіпкер:
- Гранттың екінші потогына қатысып, рұқсат алып, сол жерден грант ұтып алдым. Содан кейін осы заттардың бәрін алып, жайлап кірістім ғой. Екі ай дегенде осы жерді толтырдым. Күнде кірем, құя берем, құя берем. Ешкімге сатпаймын, тек құя беремін, қолым үйренсінші деп. Осы жаңға жылда ғана жемісін көріп жатырмын ғой істегенімнің. Жұмыс істеймін деген адамға барлық жерде мүмкіндік бар. Бастысы өзің талпынуың керек.
Төрт баланың анасы үйде бастаған хоббиін кәсіпке айналдырды. «Тұрақты табыс түсіп тұр, ендігі жоспарым – шағын бөлмеде дүкен ашу», – дейді жас кәсіпкер. Ол үшін тағы мемлекеттің қолдауына иек артпақ. Шымкентте былтыр қайтарымсыз грант конкурсына Жұлдыз сияқты 2456 азамат қатысып, 438-і кәсіп бастауға қаржы алған.
Гүлвира Даужанова, қалалық мансап орталығының маманы:
- Халықтың, өтінім берген сандарының ішінде кәсібін ашуға ниетті өндірістік сала бойынша, қызмет көрсету саласы бойынша басымдыққа ие болды. Сонымен қатар санаттары бойынша 247 көпбалалы отбасыға берілсе, 70-ке жуық мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 67 азаматқа берілді.
Мемлекеттен қайтармысыз қаржы алып, ісін бастаған кәсіпкерлерге өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бар. Биыл грантқа өтінім сәуір-шілде аралығында қабылданады. Оның мөлшері 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңге. Халықтың осал топтары бойынша белгіленген 7 санаттағы азаматтарға басымдық беріледі.
Авторлары: Күн Айтбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.