Қызылордалық бағбан 2 миллион ағаш өсірген

Қызылордада 2 миллион көшет өсіріп, 10 гектарды бауға айналдырған 85 жастағы бағбан бар, деп хабарлайды 24KZ. 12 жасынан табиғатпен тілдескен Бектай Сүлейменовті тұрғындар жақсы таниды.

Бектай Сүлейменовтің жасыл желекке жанашырлық танытып жүргеніне 70 жылдан асқан. Қаршадайынан табиғатқа жақын болған ол Сырдарияның бойына бақ өсіруді қолға алыпты. Бүгінде 10 гектардай аумақты жайқалған жасыл орманға айналдырып отыр. «Жері тұзды Қызылорда жеріне көктемейтін көшет жоқ, тек күтімін келістіру керек», – дейді бағбан. 

Бектай Сүлейменов, бағбан:

- Жай ағаш, сыр талы дейміз, терек дейміз, шие, анау-мынау, осындайды көшеге егеді. Ол көп болса, 10-15 жылдан артық өмір сүрмейді. Басынан бастап қурап өле бастайды. Өйткені Қызылорданың жері тұз. Қара кебір дейді, ақ кебір дейді. Ал мыналар 300-400 жыл өмір сүреді, қылқан жапырақтар. 

Сыңсыған жасыл желек арасынан шырша, қарағай, туя, ақ қайың, тіпті доланаға дейін кездестіруге болады. Қарт бағбан көбіне табиғаты тамылжыған аймақтарда өсетін бұл көпжылдық өсімдіктерді Сыр топырағына шығару үшін балаша мәпелеген.     

Бектай ақсақалдың бағында шамамен 40 мың түп арша бар. Оның барлығы дерлік мынадай тұқымнан өсірілген. Жалпы бұл жерде Сыр өңіріне жерсінбейді делінген қылқанжапырақты ағаштың бірнеше түрі жайқалып тұр.  

Қария жылдың төрт мезгілінде де ауасы таза, емдік жидекке бай бақтың ішінен табылады. Қарттық жасқа келсе де, ширақ болуын  табиғатқа жақындығымен байланыстырады. Тіпті ақпан айында да тыным таппайды. Терек қаламшаларын дайындап жатыр.

Бектай Сүлейменов, бағбан:

- Американың Калифорния штатының терегі мен Қазақстанның терегін екуін будандастырып, осы теректі шығарған. Мынау гибрид, екеуінің арасынан шыққан. 30 сантиметрден қырқып алып, жерді дайындап, арығын дайындағаннан кейін былай тығып қоя береміз. Арасын 5-10 сантиметрден. Бір жазда 2,5-3 метрге дейін өседі, тез өседі. Одан кейін ауруға берілмейді. 

Бақтың бабын білетін бағбан облыстық туберкулезге қарсы диспансер жанынан қылқан жапырақты ағаштар егіп, саябақ жасауды жоспарлап отыр. Бұл идеясын жергілікті әкімдікке ұсынып қойған. «Мұндай бақ арқылы ауа тазарып, микроклимат жақсарады, әрі емделушілердің тез сауығып кетуіне пайдалы», – дейді ақсақал.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.