Алматылық орнитолог сирек кездесетін 300-ге тарта құстың суретін түсірді

Алматылық Құдайберген Әмірекұлы сирек кездесетін 300-ге жуық құстын суретін түсірді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – Қазақстанда мекендейтін құстардың жартысынан астамы. Еңбекқор фотографтың объективіне әлі де түсіп үлгермеген қанаттылар бар. Ол жыл сайын шығармашылық байқауларға қатысып, көзден тыс құстарды көпшілікке таныстырып, таңғалдырады. 

Құдайберген Әмірекұл орнитологиямен сегіз жылдан бері әуестеніп келеді. Табиғатты қорғау ұйымындағы жұмысы мен экспедициялар арқылы ол құстарды бақылаумен айналысады. Оның айтуынша, тұрқы шағын қанаттыларды суретке түсіру оңай емес, өйткені олар өте жылдам ұшып, бұталардың арасына жасырынуға бейім. Дегенмен кез келген қиындықтың артында жетістік тұрады. 

Өткен жылы еліміздің солтүстік өңіріндегі қалың нулы, терең сулы аймақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген алтын сұлукеш құсын суретке түсірудің сәті түсті.

Құдайберген Әміреқұл, Қазақстандық биоалуантүрлілікті қорғау қауымдастығының маманы:

- Өткен жылы біз жұмыс барысымен Павлодар облысына бардық. Сол жерде өте қызықты бір құсты көрдік. Оның аты алтын сұлукеш. Ол құс биологиясы сондай батпақты жерде өмір сүреді. Сондықтан сол құсты түсіру кезінде өте қиын болды. Өйткені батпақта маса-шыбын өте көп. 1-2 минут ішінде мен тұра алмай, қатты қиналдым десем болады. 

Құдайбергеннің айтуынша, бёрдвотчинг, яғни құстарды бақылау, сабыр мен ұқыптылықты талап етеді. Құстар шулы ортаны ұнатпайтындықтан, тыныштық сақтау маңызды. Бақылау үшін дүрбі жеткілікті. Студент Аяулым Мұхаметқали бёрдвотчингті енді ғана меңгеріп жүр, бірақ соған қарамастан 120 түрлі құсты фотоға түсіріп үлгерді.

Аяулым Мұхаметқали, студент:

- Жалпы өзім барған жерлерде осы құстарды бақылап жүремін және де бір жерде болған құстың екінші жерде болмайтынын көремін. Сонымен қатар 2025 жылы бізде су құстарының халықаралық санағы өткен болатын. Мен сол Сорбұлақ көлінде сол құстар санағына қатыстым. Көлдің қатып тұрғанына қарамастан өте жақсы құс түрін көре алдық және жақынна аққұйрықты су бүркітті көрген болатынбыз. Мен үшін өте қызық болды.

Қазақстанда шамамен 500 түрлі құс мекендейді, олардың 400-і ел аумағында ұя салады. Қалған түрлері қыстап шығуға немесе көші-қон кезінде аялдауға келеді.

Орнитологтың ендігі мақсаты – кәдімгі үкіні фотоға түсіру. Алайда тоғай мен орманда мекендейтін бұл құс әлі күнге дейін объективке ілікпей жүр.

Авторлары: А. Садуақас,  И. Оңғарбаева, Ә. Нарымбаев.