Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған жоба іске қосылады
Елде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған жоба іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Бағдарлама аясында 200-ден астам табиғи монополия субъектілеріне қайтарымды қаражат бөлінеді. Қазір елдегі жылу жүйелерінің 53%-і тозған. Кей нысандарда көрсеткіш 90%-ке дейін жеткен.
«Осылайша 1622 шақырым желіні жаңартып, жаңа технологияларын енгізу және жеке инвестиция тарту көзделіп отыр», – дейді мамандар. Жобаны қаржылық қолдау «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Әлия Мырзағалиева, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:
- Көп монополистер үшін бұл жоба жаңа. Олар қаржыландыруды тартып көрмеген кәсіпорындар. Биыл 66 табиғи монополистер бізге келіп, осы жүйеден өтпекші. Жобалардың бәрі бізде өте қатты тозған жүйелерді жаңғырту және олардың жұмысын жөндеу, қайтарылатын қаржымен жұмыс жасауды үйретуге бағытталған.
Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ ТМРК төрағасының орынбасары:
- 200-ден астам табиғи монополия субъектілерін қазір ұлттық жобаға тарту көзделіп отыр. Оның көбі – қазір бізде тозығы жеткен, авариялық жағдайда тұрған табиғи монополия субъектілері. 214-тің 84-і, 86-сы қызыл аймақта. Қазіргі жағдайда егер оларға қаржы құймайтын болсақ, әрине, олардың сандары көбейеді. Біз соны тоқтатып, оларды қызыл аймақтан жасыл аймаққа, сары аймаққа шығару көзделіп отыр.